Қазақстандық Михаил Кукушкин жеңіс сериясын 13 матчқа жеткізді

АСТАНА. KAZINFORM — Қазақстандық, әлемнің 140-ракеткасы Михаил Кукушкин Лугано (Швейцария) челленджер турнирін жеңіспен бастады.

Қазақстандық Михаил Кукушкин жеңіс сериясын 13 матчқа жеткізді
Фото: kukushkin_mikhail/Instagram

Жарыстың 5-ракеткасы болып тіркелген қазақстандық теннисші алғашқы кездесуін дүниежүзілік рейтингіде 235-орында тұрған тайбэйлік Ю Сю Сюймен өткізді.

М.Кукушкин қарсыласын 6:2, 6:2 есебімен айқын басымдылықпен ұтты.

Бір сағаттан астам уақытқа созылған бәсеке барысында Михаил 1 эйспен бірге 7 брейк-пойнттың бесеуін мүлт жіберген жоқ. Ю Сю Сюй 3 эйс, 1 брейкпен шектелді.

Мұның алдында Манама (Бахрейн) және Тенерифе (Испания) челленджер жарысында жеңімпаз атанған қазақстандық спортшы жеңіс сериясын 13 матчқа жеткізді.

Михаил Кукушкин ширек финалға шығу үшін әлемнің 181-ракеткасы, ұлыбританиялық Билли Харриспен таласады.

Еске сала кетейік, бұдан бұрын қазақстандық теннисшілердің Индиан-Уэллс турниріндегі қарсыластары анықталғанын жазған болатынбыз.

Сондай-ақ теннистен Қазақстан әйелдер құрамасының капитаны ауысты.