Қазақстандық мүсіншілер халықаралық жарыста жүлдегер атанды
АСТАНА.KAZINFORM – Қазақстандық мүсіншілер Қытайдың Цзямусы қаласында өткен қар-мұз фестиваліне қатысып, жеңімпаздар қатарынан көрінді.
Үш адамнан құралған қазақстандық команда ат үстінде садақ тартқан қазақ батырын мұздан ойып шығып, қазылар алқасының оң бағасына ие болған. Қортындысында, отандастарымыз үшінші орыннан көрінді.
Айта кетейік, халықаралық мұз ойма додасына Қазақстан, Қытай, Ресей, Моңғолия, Мексика және Малайзия сияқты 10 елден 30-ға жуық мүсінші қатысып, 4 күнде туындыларын мұздан ойып шықты.
Қазақстан командасының капитаны Жолдас Ершаттың айтуынша, олар халықаралық фестивальге арнайы шақыртумен барған.
– Бізге осы фестивальге қатысуға ұсыныс түсті. Біз ойланбастан келісіп, Қытайға жол тартып кеттік. Қытайдың Хэйлунцзян провинциясы қар-мұз өнері мәдениетіне өте бай. Сол себепті осы додаға қатысу біз үшін өте жақсы тәжірибе болды. Жалпы, біздің команда 2011 жылдан бері қаланы сәндеу жұмыстарымен айналысып келеді. Ал 2015 жылдан бастап елімізде мұз қалашықтар салу және мұз ойма жасау жұмысын атқардық, - деді.
Ершаттың айтуынша, қазылар алқасы қазақстандық команданың мұз туындысын жоғары бағалаған.
– Туындымызда атпен шауып бара жатып садақ тартқан қазақ батыры бейнеленген. Сондай-ақ, туындының өзгешелігі үшін қазақ аңызындағы қанатты барысты ойып шықтық. Қазылар алқасы және қытайлық көрермендер мүсінді жақсы бағалап жатты, - деді капитан.
Астаналық мүсінші Талапхан Азаматтың айтуынша, команда келесі жолы Харбиндегі үлкен фестивальге қатысуды жоспарлап отыр.
– Осы жеңісімізден кейін тағы басқа ұсыныстар түсе бастады. Чуңчин қаласындағы фестивальге шақырту алып отырмыз. Жалпы, келесі жылы Харбин қаласында өтетін әлемге танымал фестивальде өнер көрсетуді көздеп отырмыз, - деді Азамат.
Бұған дейін хабарлағанымыздай, Қытайдың солтүстік-шығысындағы Хэйлунцзян провинциясында мұз мүсіндер байқауы өтті.