Қазақстандық оқушылар халықаралық биология олимпиадасында алты медаль жеңіп алды

АСТАНА. KAZINFORM — 2026 жылғы 15-22 мамыр аралығында Ресей Федерациясының «Сириус» федералды аумағында Open International Biology Olympiad (OIBO-2026) халықаралық ашық биология олимпиадасы өтті. Бұл туралы Оқу-ағарту министрлігі мәлім етті.

Қазақстандық оқушылар халықаралық биология олимпиадасында алты медаль жеңіп алды
Фото: Оқу-ағарту министрлігі

Беделді білім додасына әлемнің 17 елінен 100-ден астам жас биолог қатысты.

Қазақстан құрамасы олимпиадаға 6 оқушымен қатысып, нәтижесінде 2 алтын, 3 күміс және 1 қола медаль жеңіп алып, 100 пайыздық нәтиже көрсетті.

Олимпиада
Фото: Оқу-ағарту министрлігі

Павлодар облысындағы «Білім-Инновация» мамандандырылған лицей-интернатының 11-сынып оқушысы Қайркен Ерсұлтан мен Алматы қаласы Медеу ауданындағы NIS-тің 11-сынып оқушысы Желтова Софья алтын медаль иегеленді.

Ал Павлодар облысындағы «Білім-Инновация» мамандандырылған лицей-интернатының 10-сынып оқушысы Билялов Нурали мен Шығыс Қазақстан облысындағы «Білім-Инновация» мамандандырылған лицей-интернатының 11-сынып оқушысы Мұқашев Дарын сондай–ақ Маңғыстау облысындағы «Білім-Инновация» лицей-интернатының 9-сынып оқушысы Әділғали Нұрасыл күміс медаль алды.

Олимпиада
Фото: Оқу-ағарту министрлігі

Қарағанды қаласындағы NIS-тің 10-сынып оқушысы Меженина Евгения қола медаль қанжығалады. 

Команда жетекшісі — Дінмұхаммед Уразбаев, республикалық және халықаралық олимпиадалардың жүлдегері, қазіргі уақытта «Astana Medical University» КеАҚ-ның 4-курс студенті.

OIBO олимпиадасы теориялық, практикалық және командалық жобалық турлардан тұрды. Қатысушылар молекулалық биология, генетика, биохимия және физиология бағыттары бойынша күрделі тапсырмалар орындап, ботаника, зоология және биоинформатика салаларында зертханалық жұмыстар жүргізді.

Олимпиада оқушылардың теориялық білімін ғана емес, зерттеу жүргізу, ақпаратты талдау және пәнаралық байланыстарды қолдану дағдыларын да бағалауға бағытталды.

Айта кетейік, жас физиктер Кореяда өтетін беделді олимпиадада ел намысын қорғайды.