Қазақстандық оқушылар Қытайдағы робототехника чемпионатында 7 жүлде жеңіп алды
АСТАНА. KAZINFORM – Қазақстандағы «Келешек мектептері» мен инновациялық шығармашылық орталықтарының оқушылары Қытай Халық Республикасының Макао қаласында өткен FIRST LEGO League Asia Open Championship 2025 халықаралық чемпионатында жеті жүлде иеленді.
7–10 тамыз аралығында өткен бұл дода робототехника, ғылыми зерттеулер мен инновациялық жобалар саласындағы Азиядағы ең ірі алаңдардың біріне айналды. Биылғы жарыс «Су асты әлемін зерттеу» тақырыбында өтті. Чемпионатқа әлемнің 30-дан астам елінен 500-ден астам команда және 12 мыңнан астам қатысушы жиналды.
Үш күндік жарыс қорытындысы бойынша қазақстандық оқушылар инженерлік шеберлік, креативтілік және командалық жұмыс бойынша жоғары деңгей көрсетті.
Нәтижелер:
-
2 қола медаль – Champions Award және чемпионаттың басты марапаты: Leas оқу орталығының тәрбиеленушілері (Explore санаты, 6–10 жас) және Орал қаласы Оқушылар сарайының «Subsquad» командасы (Challenge санаты, 10–16 жас).
-
6 арнайы төрешілер жүлдесі:
• Innovation Project Award – Алматы қаласындағы №97 мектептің Nova Team командасы («Келешек мектептері» жобасы);
• Core Values Award – Leas оқу орталығының Alliance командасы;
• Challenge Solution Award және Innovation Project Award – Түркістан облысындағы №33 мектептің AquaBots командасы («Келешек мектептері» жобасы);
• Core Values Award және Engineering Excellence Award – Шымкент қаласындағы №149 мектептің Yassi командасы («Келешек мектептері» жобасы);
• Challenge Solution Award – Қызылорда облысындағы №290 мектептің OtAi командасы («Келешек мектептері» жобасы);
• Team Poster Award – Алматы қаласындағы №97 мектептің Arctic Rescuers командасы («Келешек мектептері» жобасы);
• Team Model Award – Алматы қаласындағы «Alem» инновациялық шығармашылық орталығының Alem Innovators командасы.
FIRST LEGO League – мектеп оқушыларының инженерлік және зерттеу дағдыларын LEGO Education платформасы арқылы дамытуға бағытталған жетекші халықаралық бағдарлама. Қазақстан мен Орталық Азияда бұл бағдарламаны ҚР Оқу-ағарту министрлігінің қолдауымен USTEM Foundation қоғамдық қоры жүзеге асырады.
Айта кетейік, бұған дейін қазақстандық оқушылар ЖИ олимпиадасында рекордтық нәтиже көрсетті.