Қазақстандық өндірушілердің тізілімінен 7 субъект не үшін шығарылды
АСТАНА. KAZINFORM- Жыл басынан бері Қазақстандық тауар өндірушілердің жаңартылған тізіліміне 49,9 мыңнан астам өтінім келіп түсті. Биылғы үш тоқсанның қорытындысы бойынша 21 өндірушінің қызмет көрсеткіштері төмен екені анықталып, екі тоқсан қатарынан төмен көрсеткіштер тіркелуіне байланысты 7 субъект тізілімнен шығарылды.
ҚР Өнеркәсіп және құрылыс министрлігі баспасөз қызметінің хабарлауынша, тізілім іске қосылғаннан бері 71 865 тауар позициясының сәйкестігі расталды. Оның негізгі жаңашылдығы – сатып алу платформаларымен интеграциялау және кәсіпорындарды 26 цифрлық критерий бойынша автоматты түрде тексеру. Олардың қатарында штат саны, коммуналдық шығындар, шикізат сатып алу және салық аударымдары бар.
Деректер адамның қатысуынсыз машиналық оқыту алгоритмдері арқылы өңделеді. Бұл субъективті тәсіл мен сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін толығымен болдырмайды.
Цифрлық тексеру өтінім алғаш рет берілген кезде ғана емес, тоқсан сайын да жүргізіледі.
-Министрлік мемлекеттік преференцияларға қол жеткізу құқығын тек тиімді жұмыс істейтін және адал отандық өндірістерге ғана беруді қамтамасыз ету мақсатында верификация параметрлерін жетілдіру жұмыстарын жалғастырады,-делінген хабарламада.
Осыған дейін Өнеркәсіп және құрылыс министрлігіне кәсіпкерлерден қазақстандық тауар өндірушілер реестріне енгізу үшін өтінімдер түсіп жатқаны туралы жаздық.