Қазақстандық пара таеквондошылардың дайындығы қалай

Қазақстандық пара таеквондошылар Паралимпиада ойындарының 3 лицензиясына ие болды. Паралимпиада ойындарының квалификациялық регламентіне сәйкес К44 санатында 80 кг дейінгі салмақ дәрежесінде пара таеквондошы Нұрлан Домбаев, +80 кг салмақта Нышан Өмірәлі және -57 кг салмақта Кәмиля Досмалова биыл Парижде өтетін Паралимпиада ойындарына жолдамаға қол жеткізді, деп жазады Kazinform. 

паралимпиада
Фото: Туризм және спорт министрлігі

Спортшыларымыз әлемдегі рейтингтің көрсеткішіне сәйкес, топ 20 үздік спортшылар қатарына кірді. Паралимпиадаға дайындықты бастап кеткен спортшылармен аз-кем әңгімелескен едік.

31 жастағы Кәмиля Досмалова таеквондодан пара спортшылар арасында әлемдік рейтингте үшінші орында, Азияда бірінші орында тұр. Әлем чемпионатының қола жүлдегері, Азия чемпионатының алтын жүлдегері, 2023 жылы болған Азия ойындарында күміс жүлдеге ие болған. Акушерлік травма диагнозымен дүниеге келген батыр қыз спорт пен өмірді сүйетінін айтады. Бала кезінен таеквондомен айналысатын ол 2016 жылдан бері әлемдік бәсекелерде көк туымыздың астында өнер көрсетіп жүр. Ендігі арманы – паралимпиада шыңын бағындыру.

Кәмиля Досмалова
Фото: Кәмиля Досмалованың жеке мұрағатынан

«Паралимпиадаға дайындықты біраз жылдан бері жасап келе жатырмын. 2019 жылдан бастап Қазақстан ұлттық құрамасы қаржылық қолдау көрсеткендіктен, бапкермен бірге жүйелі түрде дайындық жүргізіп, қатыса бастадым. Жеке бапкеріммен бірге Парижде өтетін паралимпиадаға арнайы бағдарлама жасап, дайындықты бастап кеттік. Шет мемлекеттің спортшыларымен қосылып, бірге дайындалсақ па деп жоспарлап отырмыз. Барлық мәселе қаржыға келіп тіреледі. Біз лицензия алдық, дегенмен Парижде бабымызда болу үшін алда болатын байрақты бәсекелердің барлығында бақ сынауға тырысатын боламыз. Алда Азия чемпионаты, Иран Президентінің чемпионаты болады», - деді ол.

43 жастағы Нұрлан Домбаевтың бұл бірінші паралимпиадасы емес. Түркияда өткен Паралимпиадада жарақат алып, сәтті өнер көрсете алмағанын айтады. Ол 14 жасында тоқты абайсыз ұстап қалып, екі қолынан айырылған.

«Осы Паралимпиадада өткен қателіктерден сабақ алып, оны қайталамаймын деп бекініп отырмын. Екі дүркін Әлем чемпионы болдым, үш дүркін Азия чемпионымын. Қазір қызу дайындық үстіндемін. Алда болатын турнирлерге, чемпионаттарға қатысатын боламын. Азия чемпионатына барып, дайындықта шыңдалып алу ойда бар», - деді Нұрлан.

Айта кетейік, Токио-2020 Паралимпиада ойындарында Қазақстан ұлттық құрамасы 25 спортшымен барып, 5 медаль (1 алтын, 3 күміс және 1 қола) жеңіп алып, жалпы командалық 48-орынға ие болды.

Соңғы жаңалықтар