Қазақстандық параспортшы әлем кубогында тарихи алтын жеңіп алды
АСТАНА. KAZINFORM — Талдықорғандық параспортшы әлем кубогында ел тарихындағы үздік нәтижеге қол жеткізді, деп хабарлайды Туризм және спорт министрлігінің баспасөз қызметі.
Қазақстан Республикасының ұлттық құрамасы Бразилияның Сан-Паулу қаласында өтіп жатқан бочча бойынша әлем кубогында сәтті өнер көрсетіп жатыр. Жарысқа 24 елдің үздік спортшылары қатысуда.
Қазақстан атынан үш паралимпиадашы бақ сынап жатыр: Қуаныш Аскарбеков (BC1 класы, Талдықорған қаласы, Жетісу облысы), Итиана Шыңғысханова (BC2 класы, Астана қаласы) және Азамат Аманша (BC2 класы, Ақтау қаласы, Маңғыстау облысы).
Жеке жарыстардың қорытындысы бойынша Қуаныш Аскарбеков алтын, ал Итиана Шыңғысханова күміс медаль иеленді.
Бұл марапаттар отандық параспорт үшін маңызды жетістік болып, Қазақстанның халықаралық аренадағы позициясын нығайтты.
Қазір команда командалық жарыстарға қатысып жатыр.
Қазақстандық спортшылар тағы сегіз елдің өкілдерімен жоғары нәтиже үшін бәсекеге түседі.
Құраманың елге оралуы 13 қарашаға жоспарланған.
Қазақстанда паралимпиадалық, сурдлимпиадалық және паралимпиадалық емес бағыттарды қоса алғанда, спорттың 35 түрі дамып келеді. Мүмкіндігі шектеулі спортшылардың спортпен шұғылдануына жағдай жасау мақсатында 2025 жылы I топтағы мүгедектігі бар спортшыларды сүйемелдеушілердің мәртебесі заңнамалық деңгейде бекітіліп, олардың халықаралық жарыстарға қатысуын қаржыландыру көзделді.
Ал 2026 жылы спорт секциясын таңдауға және жаттықтырушымен байланысуға көмектесетін @parasport_kz_bot Telegram-боты іске қосылды.
Әлем кубогындағы ұлттық құраманың табысты өнер көрсетуі қазақстандық бочча мектебінің әлеуеті артып келе жатқанын көрсетеді. Спортшылардың жетістіктері жаңа жеңістерге жігер беріп, елімізде параспорттың одан әрі дамуына ықпал етеді.
Осыған дейін Астанада алғаш рет боччадан Әлем кубогінің кезеңі өтіп жатқанын жаздық.