Қазақстандық параволейболшылар әлем кубогінде қола жүлде жеңіп алды
АСТАНА. KAZINFORM – АҚШ-тың Форт-Уэйн қаласында волейболды отырып ойнаудан әлем кубогі мәресіне жетті.
Қазақстан құрамасы қола жүлде үшін бәсекеде АҚШ құрамасымен шеберлік байқасты.
Бауыржан Тахауовтың шәкірттері алғашқы екі партияда 25:23, 25:18 есебімен басымдық танытты. Бұдан кейін алаң иелері бір сетті алды – 25:15. Дегенмен төртінші сетті қазақстандықтар жеңіспен аяқтай білді – 25:23. Қорытынды есеп – 3:1.

Сөйтіп 2028 жылы Лос-Анджелесте өтетін Паралимпиада ойындарына қатысу үшін рейтингілік ұпай берілетін әлем кубогінде қазақстандық параволейболшылар үздік үштіктен көрінді.
Топтық кезеңде Қазақстан құрамасы соңғы матчта Таиландты 3:0 (25:15, 25:8, 25:14) есебімен жеңген еді. Тек жартылай финалда ғана Мысырға 0:3 (12:25, 23:25, 18:25) есебімен есе жіберген болатын.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын волейболды отырып ойнаудан әлем кубогінде Қазақстан құрамасы жарыс фавориті – АҚШ-ты ұтқанын жазған едік.