Қазақстандық Рауан Игенев World Boxing комитетінің төрағасы болып сайланды
АСТАНА. KAZINFORM – Панамада өткен World Boxing халықаралық бокс федерациясының конгресінде қазақстандық Рауан Игенев Спорт және жарыстар комитетінің төрағасы болып сайланды, деп хабарлады Қазақстанның Ұлттық олимпиада комитеті.
Дауыс беру қорытындысы бойынша Қазақстан бокс федерациясының халықаралық байланыстар жөніндегі вице-президенті Рауан Игенев халықаралық ұйымдағы жаңа қызметке тағайындалды.
World Boxing ұйымының Спорт және жарыстар комитеті халықаралық турнирлерді ұйымдастыру және жарыстар жүйесін жетілдіру мәселелерімен айналысады.
Комитеттің құзыретіне бокстың техникалық ережелерін әзірлеу және қайта қарау, спортшылардың жабдықтарына, салмақ дәрежелеріне және жарыстарды өткізу тәртібіне қойылатын талаптарды айқындау кіреді.
Сондай-ақ комитет халықаралық жарыстар күнтізбесін қалыптастыруға, турнирлердің форматын, әлемдік рейтинг жүйесін, спортшыларды іріктеу және біліктілік кезеңдерінен өткізу тәртібін әзірлеуге жауапты.
Комитеттің барлық ұсынысы мен ұсынымдары халықаралық федерацияның Атқарушы кеңесінің қарауына жіберіледі.
– Халықаралық деңгейде бокстың дамуына үлес қосуға мүмкіндік алғаным мен үшін үлкен мәртебе. Әсіресе Қазақстанның World Boxing құрылымындағы өкілдігін кеңейтіп жатқаны маңызды, – деді Рауан Игенев.
Оның айтуынша, конгресте федерацияны одан әрі дамытуға қатысты көптеген мәселе қаралған. Ұйымға жаңа мемлекеттер қосылып, бокс ережелеріне бірқатар шағын өзгеріс енгізілген.
– Конгресс аясында біз 2027 жылы Астанада өтетін әлем чемпионатына дайындық туралы өзекті ақпарат ұсындық. Көптеген ұлттық құраманың өкілдері 2025 жылы әлем кубогы кезінде Қазақстанға келіп, елімізбен танысқан. Алдағы әлем біріншілігі де жоғары ұйымдастырушылық деңгейде өтеді деп сенеміз, – деді ол.
Конгресте федерацияның вице-президенттері, Атқарушы кеңес мүшелері, сондай-ақ қаржы және аудит, медицина және допингке қарсы күрес комитеттерінің төрағалары сайланды.
Айта кетейік, бұған дейін World Boxing халықаралық федерациясы 2027 жылы Астанада бокстан әлем чемпионатын өткізу туралы ресми түрде жариялаған еді. Қазақстан бұл жарысты өз тарихында екінші рет қабылдайды. Бұған дейін 2013 жылы Алматыда ерлер арасындағы әлем чемпионаты өткен болатын.