Қазақстандық режиссердің дебюттік фильмі Алматыда алғаш рет көрсетіледі
АСТАНА. KAZINFORM — Қазақстандық «Таңдау» фильмінің елдегі премьерасы 22 тамызда өтеді, деп хабарлайды Мәдениет және ақпарат министрлігінің баспасөз қызметі.
Қазақстандық режиссер Жаннат Алшанованың толықметражды «Таңдау» (BECOMING) атты дебюттік фильмі алғаш рет елімізде көрсетіледі. Фильмнің Қазақстандағы премьерасы 22 тамызда Алматыда Qyzqaras Film Festival аясында өтеді. Көрсетілімнен кейін фильм режиссерімен кездесу ұйымдастырылады.
— Туындының әлемдік премьерасы 2025 жылы Локарно халықаралық кинофестивалінде өтті. Кейін Пусан, Таллин, Гётеборг кинофестивальдерінде, SXSW London және өзге де халықаралық алаңдарда көрсетілді. Таллин кинофестивалінде фильм үздік копродукция үшін арнайы марапатқа ие болды, — делінген хабарламада.
Фильмде 17 жастағы Мила есімді қыздың оқиғасы баяндалады. Ол жүзгіштер командасына қосылғысы келеді. Сөйтіп еркін өмір сүріп, отбасындағы қиындықтан құтылмақ болады. Алайда мәреге жетер тұста оның өмірін өзгертетін таңдау жасауға тура келеді. Фильм Қазақстан, Франция, Нидерланд, Литва және Швеция елдерінің бірлескен жобасы ретінде түсірілген. Түсірілім Алматы қаласы мен Алматы облысында жүргізілді.
Басты рөлдерді Тамирис Жанғазинова, Валентин Новопольски, Әсел Қалиева және Медина Сағындықова сомдады. Фильмнің қоюшы операторы – Каролин Шампетье.
Бұған дейін елімізде фильмдердегі балағат сөздер қалай реттелетінін жазған едік.