Қазақстандық спортшы сурдо дзюдодан халықаралық жарыста күміс алды

ОРАЛ. KAZINFORM – 2-8 желтоқсан күндері Малайзия астанасы Куала-Лумпурда есту қабілеті төмен спортшылар арасында Х Азия-Тынық мұхиты ойындары өтіп жатыр. 

Қазақстандық спортшы сурдо дзюдодан халықаралық жарыста күміс алды
Фото: БҚО дене шынықтыру және спорт басқармасынан

БҚО дене шынықтыру және спорт басқармасынан мәлім еткеніндей, аталған кешенді жарысқа Қазақстаннан 82 спортшы 8 спорт түрінен бақ сынауда. 

Батысқазақстандық Анастасия Тимошенкова сурдо дзюдодан 63 келіге дейінгі салмақта татамиге шықты. Кездесу барысында үздік нәтижемен көзге түскен Анастасия күміс жүлдеге қол жеткізді. Оның бапкері – «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері – Теміржан Хасанғалиев. 

А.Тимошенкова осыған дейін 2023 жылы Қырғызстанда өткен Азия – Тынық мұхит біріншілігінде үздік үштікке ілікті. Ал биыл Түркістан қаласында сурдо дзюдодан өткен әлем чемпионатында қола жүлдені жеңіп алды. 

Еске сала кетейік, бұдан бұрын қазақстандық бапкердің шәкірттерін олимп шыңынан көргісі келетінін жазған болатынбыз. 

Соңғы жаңалықтар