Қазақстандық стартапшы әйелдер Aurora Tech Award 2024 байқауының шорт-листіне енді

шорт-листіне енді
Фото: Aurora Tech Award

АСТАНА. KAZINFORM – Халықаралық Aurora Tech Award 2024 байқауының шорт-листі жарияланды. Оған 102 елден 649 өтінім түскен. Соңғы кезеңге іріктелген 20 стартапшы әйелдер арасында қазақстандық Надежда Анпилогова, Айдана Айтуарова және Әсем Тәжиева бар. 

Жеңімпаздардың есімі 8 наурыз – Халықаралық әйелдер күні белгілі болады. Онда IT-кәсіпкерлер, өткен жылғы Aurora Tech сыйлығының жеңімпаздары және әлемнің әйгілі салалық сарапшылары қазылық етеді. Жүлдегерлер сәйкесінше $30,000, $20,000 және $10,000 ақшалай сыйлықтарға ие болады. 

Надежда Анпилогова жасаған Your Accessible Guide – мүмкіндігі шектеулі және ерекше қажеттіліктері бар адамдар үшін қолжетімді туризмді ілгерілетуге арналған инклюзивті цифрлық өнімдер экожүйесі.

«Біз картаға ерекше қажеттіліктері бар туристерге қолжетімді бағыттар мен нүктелерді түсіріп, зерттелмеген континентті тауып жатқан сияқтымыз. Ал, теңдік пен инклюзия идеяларын қолдайтын мұндай жарыстар күш-жігер береді. Біз Aurora Tech Award сыйлығының шорт-листіне енгенімізге өте қуаныштымыз және марапат сарапшыларының көмегімен жобаны дамытуға маңызды қадам жасай аламыз деп үміттенеміз. Байқау алаңынан адамдар біз туралы неғұрлым көп естісе, соғұрлым туризмдегі инклюзия мен қолжетімділік тақырыбымен көбірек танысады, саяхатты барлығына қолжетімді ете алады», - дейді Н. Анпилогова.

Тағы бір қазақстандық Айдана Айтуарованың Porte Tech жобасы – RFID карталарын, автотұрақ пульттерін, қағаз рұқсаттарын және магниттерді бір қолданбаға біріктіру арқылы шығындар мен уақытты азайтуға көмектесетін, ESG-ге бағдарланған, автоматтандырылған «есік кілті» бар веб-қосымша. 

«Шорт-параққа енгеніме таңғалдым. Әрине, жүлдегер атанып, қомақты ақшаны ұтып алғым келеді, Бірақ маған бірінші кезекте өз бизнесіміздің мәнін көрсету маңызды. Көбінесе байқауларға қатысқанда әлеуметтік жоба болғандықтан жүлделі орынға ие болмайтынбыз. Porte-де біз әдеттерді өзгертеміз, процестерді тиімді етіп жасаймыз және пластикалық карта түріндегі қажетсіз шығындарды алып тастаймыз», - деп түсіндірді А. Айтуарова.

Ал Әсем Тажиева Ozim платформасының ерекше қажеттіліктері бар балалардың ата-аналарына арналған әлеуметтік жоба екенін атап өтті.

«Мен соңғы сәтке дейін Aurora Tech Award сыйлығына қатысу-қатыспау туралы нақты шешімді қабылдай алмай жүрдім. Бұл үлкен халықаралық байқау болғандықтан, оған қатысу қиын болады деп ойладым. Өтінішімді 15 минутта тіркегенімде таңғалдым. Шорт-листке енгенімізді және финалистер қандай артықшылықтарға ие екенін білгенде, қатты қуандым. Өйткені дәл қазір бізге инвестицияны қаржыландыру, бизнес-модельдер және масштабтау саласындағы тәлімгерлер қажет. Байқауда жеңіске жетіп, ақшалай сыйлық ұтып аламын деп үміттенемін, оны ерекше қажеттіліктері бар балалардың ата-аналарына арналған Ozim платформасы мобильді қосымшасын әзірлеуге жұмсаймын», - деді ол.

Жеңімпаздар 2024 жылдың 8 наурызында auroratechaward.com сайтында жарияланады. Үздік 20 үміткер арасында Бразилия, Колумбия, Тайвань, Испания, Аргентина, БАӘ ,Мексика, Өзбекстан, Нидерланды, Гонконг, Индонезия, Нигериядағы стартапшы әйелдер бар. 

Соңғы жаңалықтар