Қазақстандық такси сервисі ірі платформалармен қалай бәсекелесіп жүр
АСТАНА. KAZINFORM – Бір жылда Қазақстанда таксимен 174 миллионнан астам жолаушы сапарлаған. 2024 жылы бұл көрсеткіш 73 миллионнан асқан еді. Демек, бір жылда сапар саны 2,4 есе өскен. Бұрын көбіне ерекше жағдайда пайдаланылатын такси бүгінде күнделікті қажеттілікке айналды.
Алайда үйреншікті қосымша уақытша істемей қалса, жолаушыларға басқа көлік іздеуге тура келеді. Жуырда елімізде осындай қолайсыздықтар да байқалды. Бұл бір ғана сервиске тәуелді болмаудың маңызын көрсетті. Өйткені нарықта таңдау неғұрлым көп болса, қызмет сапасы мен бағаға да әсер етуі мүмкін.
Қазақстандық платформалар ірі халықаралық компаниялармен қалай бәсекелесіп жүр? Жолаушылар мен жүргізушілерге қандай мүмкіндік ұсынады? Отандық такси қосымшаларының нарықтағы үлесін арттыру үшін не қажет? Бұл туралы қазақстандық такси сервисінің негізін қалаушы Ерлан Шаяхметов Jibek Joly телеарнасының «Бүгін.LIVE» бағдарламасында айтып берді.
Оның айтуынша, компанияны құру идеясы диспетчер арқылы такси шақыру кезінде туындайтын қолайсыздықтарға байланысты пайда болған.
– APARU компаниясының негізі 2010 жылы қаланды. 2011 жылы жұмыс істей бастадық, ал 2014 жылы жеке қосымшамызды іске қостық. Ол кезде тапсырыстарды диспетчерлер қабылдайтын. Кейде бос көлік табылмайтын, кейде кезек ұзақ болатын. Ал көліктердің орналасқан жерін көрсететін қосымша болса, жолаушыға жақын жүргізушіні анықтап, қызметті жылдам ұйымдастыруға мүмкіндік туады. Біз сервисті жүргізушілерге де, жолаушыларға да ыңғайлы ету үшін осындай шешімге келдік, – деді Ерлан Шаяхметов.
APARU-дың басқа платформалардан басты айырмашылығы – жүргізушінің тапсырысты өзі таңдай алуы. Қосымшада жүргізуші өзіне жақын маңдағы жолаушылардың тапсырыстарын қарап, қайсысын қабылдайтынын өзі шешеді.
– Біз бастапқыда басқа компаниялардың моделіне қарап емес, өз идеямызға сүйеніп жұмыс істедік. Жүргізуші тапсырысты қабылдай ма, жоқ па — өзі шешеді. Жолаушы жол ақысын жүргізушіге тікелей қолма-қол немесе банк картасына аударады. Компания жолаушыдан ақшаны жинап алып, кейін жүргізушіге бөліп бермейді. Жүргізушілер сервистің ішкі балансын алдын ала толтырады, ал тапсырыс орындалған сайын сол баланстан белгіленген сома алынады, – деді компания негізін қалаушы.
Спикердің сөзінше, жүргізушілерді сервиске тіркеу онлайн жүргізіледі. Олар көлігінің маркасы мен фотосын, жүргізуші куәлігін жіберіп, тіркеуден өтеді. Компания мәліметіне сәйкес, қазір платформада шамамен 5 мың жүргізуші тіркелген. Жолаушыларды қоса есептегенде, сервисті пайдаланушылардың жалпы саны 1,5 миллионға жуық.
Компания Шығыс Қазақстан облысында кеңінен танымал. Ерлан Шаяхметовтің айтуынша, сервис Өскеменде пайда болғандықтан, өңірде пайдаланушылары көп. Сонымен қатар APARU Тараз бен Ақтөбе қалаларында да жұмыс істейді.
Қазақстандық такси сервистері үшін халықаралық платформалармен бәсекелесу оңай емес. Бұл ретте жүргізушілерге қолайлы шарт ұсыну, жолаушылардың сенімін қалыптастыру және қызмет сапасын сақтау маңызды. APARU өкілі сервистің басты ерекшелігі ретінде жүргізушілердің тапсырысты өздері таңдауын және төлемнің тікелей жүргізушіге түсуін атап өтті.
Бұған дейін Қазақстанда Яндекс Go сервистерінің жұмысы бұзылып, пайдаланушылар такси шақыру және жеткізу қызметтерін қолдануда қиындықтарға тап болғаны туралы жазған едік.