Ұлттық құрылтай Ұлттық құрылтай

Қазақстандық талапкерлерге жаңа мүмкіндік: Alem AI Talent Lab үш жылдық оқуды қаржыландырады

АСТАНА. KAZINFORM – Astana Hub Alem AI Talent Lab бағдарламасына өтінімдер қабылдауды бастады. Бағдарлама бакалавриат талапкерлерін қолдайды, деп хабарлайды ҚР Жасанды интеллект және цифрлық даму министрлігінің баспасөз қызметі.

Alem AI Talent Lab үш жылдық оқуды қаржыландырады
Фото: ҚР Жасанды интеллект және цифрлық даму министрлігі

Министрліктің баспасөз қызметінің хабарлауынша, бағдарлама жасанды интеллект, ғылым және технологиялық кәсіпкерлік саласында дамығысы келетіндерге арналған. Өтінімдер 23 тамызды қоса алғанда қабылданады.

Өтінім беруге математика, информатика және физика бағыттары бойынша талапкерлер қатыса алады. Іріктеу кезінде мотивация, үлгерім және олимпиадаларға қатысу ескеріледі. Бағдарламаның алғашқы легін Astana Hub Qazaq AI Research University-мен бірлесіп өткізеді.

Бағдарлама оқуды үш жыл бойы қаржыландырады. Бірінші курстан бастап қатысушылар зерттеулер жүргізіліп, технологиялар жасалатын кәсіби ортаға кіреді.

Студенттерге GPU-қуаттар мен зерттеу инфрақұрылымы ашылады. Қатысушыларға халықаралық тәжірибесі бар менторлар қолдау көрсетеді. Студенттер ғалымдармен және технологиялық компаниялардың негізін қалаушылармен жұмыс істейді. Тәлімгерлер қатарында патент авторлары, шетелдік университеттердің зерттеушілері мен басшылары бар.

Alem AI және Astana Hub экожүйесі халықаралық тәжірибеге жол ашады. Үздік студенттер АҚШ, Еуропа, Қытай және Жапония университеттерімен және зерттеу орталықтарымен жұмыс істей алады. Оларға шетелдік тағылымдамалар мен академиялық ұтқырлық ашылады. Халықаралық конференцияларға қатысу мүмкіндігі де қарастырылған.

-Бүгінде жасанды интеллект саласындағы бәсеке - ең алдымен таланттар үшін бәсеке. Сондықтан жастарды кәсіби жолы қалыптасып жатқан сәтте қолдау маңызды. Alem AI Talent Lab зерттеулерге, халықаралық сараптамаға және заманауи инфрақұрылымға жол ашады. Мұның мақсаты - студенттерге оқу кезінде-ақ әлемдік деңгейдегі технологияларды жасауды үйрету - деді Astana Hub бас директоры Мағжан Мадиев.

Бағдарламаның негізінде қарапайым қағида жатыр. Бүгін студент бастапқы қолдау алады. Кәсіби жетістікке жеткен соң оның қаржылық әлеуетінің бір бөлігі бағдарламаға қайта оралады. Бұл қаражат келесі легті қолдауға жұмсалады.

Осыған дейін биыл жасанды интеллект университеті студенттерді оқытуды бастайтыны туралы жаздық.