Қазақстандық теннисші Испаниядағы жарыстың 1/8 финалына шықты

АСТАНА. KAZINFORM – Қазақстанның екінші, әлемнің 58-ракеткасы Александр Шевченко Мальорка (Испания) ATP 250 турнирінің екінші айналымына шықты.

Александр Шевченко
Фото: Қазақстан теннис федерациясының баспасөз қызметі

Қазақстандық теннисші алғашқы айналымда дүниежүзілік рейтингіде 90-сатыдағы франциялық Констан Лестьеннен айласын асырды.

А.Шевченко бірінші партияда 7:5 есебімен басым түссе, екіншісінде тай-брейкте жеңісті іліп әкетті – 7:6 (7:5).

Бір сағат 40 минутқа созылған тартысты матчта Шевченко 10 эйс жасап, 6 брейк-пойнттың тең жартысын өз есебіне жазды. Эйспен көзге түспеген Лестьенн 5 брейк-пойнттың екеуін ғана пайдаланды.

Александр Шевченко ширек финалға шығу үшін әлемнің 24-ракеткасы, Чили өкілі Алехандро Табиломен таласады.

Еске сала кетейік, бұдан бұрын Михаил Кукушкиннің Уимблдон турнирінің іріктеу сайысын сәтті бастағанын жазған болатынбыз.