Қазақстандық теннисші Марсель турнирінің 1-ракеткасына жол берді
МАРСЕЛЬ. KAZINFORM – Қазақстанның екінші, әлемнің 56-ракеткасы Александр Шевченко Марсель (Франция) ATP 250 турнирінің ширек финалынан тыс қалды.

Қазақстандық теннисші екінші айналымда әлемнің 8, осы жарыстың өткен жылғы чемпионы әрі биылғы 1-ракеткасы, Польша өкілі Хуберт Гуркачқа тап болды.
Бірінші партияда Гуркачтың басымдылығы айқын байқалды – 6:1. Ол екінші сетті де өз есебіне жазды – 6:4.
Бір сағаттан астам уақытқа созылған бәсеке барысында поляк теннисшісі 13 эйс жасап, 8 брейк-пойнттың бесеуін пайдаланып үлгерді. А.Шевченко 3 эйс, 2 брейкті (5 брейк-пойнт) қанағат тұтты.
Осылайша, Александр Шевченко жарыс жолынан шығып қалды.
Х.Гуркач жартылай финалға шығу үшін әлемнің 66-ракеткасы, чехиялық Томаш Махачпен таласады.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын Дэвис кубогінде Қазақстан құрамасының қарсыласы анықталғанын жазған болатынбыз.
Сондай-ақ Елена Рыбакина Әбу-Даби турнирінің ширек финалына шықты.