Қазақстандық теннисші Тунистегі турнирдің финалына шықты

ОРАЛ. KAZINFORM — Қазақстандық Григорий Ломакин жұптық сында Монастир (Тунис) ITF турнирінің финалына шықты.

ломакин
Фото: instagram.com/grigor.77

Қазақстандық теннисші ресейлік Егор Агафоновпен бірге үш кездесуін сәтті өткізді.

Г.Ломакин — Е.Агафонов соның ішінде жартылай финалда аргентиналық Валентино де Пеллегрин — чехиялық Виктор Шкленканың мысын басты — 6:0, 6:3.

Қазақстандық-ресейлік жұп финалда жарыстың 1-ракеткалары, бразилиялық Пауло Андре Дос Сантос — оңтүстікафрикалық Крис Ван Викпен чемпиондық атақты сарапқа салады. 

Бір қызығы, жуырда Г.Ломакин Пауло Андре Дос Сантоспен бірге Монастирдегі осындай додада жеңімпаз атанған еді. 

Қазақстанның бірінші, әлемнің 17-ракеткасы Александр Бублик Штутгарт ATP 250 турнирінің жартылай финалына шыға алмады.

Ол ширек финалда рейтингіде 30-орындағы италиялық Лоренцо Музеттимен кездесті.

Бірінші партияда Бублик 6:4 есебімен басымдық танытса, екіншісінде Музетти есе қайырды — 6:1. Үшінші сетте есеп 0:1 болған сәтте Бублик матчты жалғастырудан бас тартты.

Сондай-ақ әлемнің 213-ракеткасы Дмитрий Попко Братислава (Словакия) челленджер жарысының жартылай финалынан тыс қалды. Ол ширек финалда рейтингіде 295-сатыдағы Польша өкілі Камил Майчрзакка жол берді — 1:6, 3:6.

Еске сала кетейік, бұдан бұрын Михаил Кукушкиннің Ноттингем челленджер турнирінің ширек финалына өткенін жазған болатынбыз.  

Соңғы жаңалықтар