Қазақстандық теннисшілер Индиан-Уэллс турнирін жеңіспен бастады
АСТАНА. KAZINFORM — Қазақстандық теннисшілер АҚШ-та өтіп жатқан Индиан-Уэллс турнирін сәтті бастады.

Әлемнің 51-ракеткасы Александр Шевченко Индиан-Уэллс мастерс жарысының алғашқы айналымында рейтингіде өзінен екі саты жоғары тұрған германиялық Доминик Кепфермен сынға түсті.
Бірінші партияда Шевченко 6:3 есебімен басымдық танытса, екіншісінде есе жіберді – 1:6. Дегенмен шешуші, үшінші сетте тай-брейкте жеңісті жұлып алды – 7:6 (7:3).
Екі сағаттан астам уақытқа созылған тартысты бәсеке барысында Александр 7 эйс жасап, 10 брейк-пойнттың үшеуін өз есебіне жазды. Д.Кепфер 7 эйс, 4 брейкпен (11 брейк-пойнт) көзге түсті.
Александр Шевченко екінші айналымда әлемнің 22-ракеткасы, аргентиналық Франсиско Черундоломен шеберлік байқасады.
Әйелдер арасында Индиан-Уэллс WTA 1000 додасында әлемнің 79-ракеткасы Юлия Путинцева да сәтті ойнай алды. Ол рейтингіде 76-орындағы тағы бір германиялық Тамара Корпачты екі сетте жеңді – 6:2, 6:3. Сағат жарымнан астам уақытқа созылған матчта Юлия 1 эйспен бірге 8 брейк-пойнттың бесеуін пайдаланды. Т.Корпач 1 эйс, 1 брейкпен шектелді.
Юлия Путинцеваның келесі қарсыласы – әлемнің 16-ракеткасы, ресейлік Екатерина Александрова.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын Михаил Кукушкиннің жеңіс сериясын 13 матчқа жеткізгенін жазған болатынбыз.