Қазақстандық теннисшілер Испаниядағы турнирдің финалында ойнайды

АСТАНА. KAZINFORM — Қазақстандық теннисшілер Асылжан Арыстанбекова мен Іңкәр Дүйсебай жұптық сында Мадрид (Испания) ITF W15 турнирінің финалына шықты.

Қазақстандық теннисшілер Испаниядағы турнирдің финалында ойнайды
Фото: ҚТФ

Жарыстың 2-ракеткасы болып тіркелген қазақстандық дуэт алдымен италиялық Эмма Фьоре — франциялық Элоиз Гурнені қапы қалдырды — 6:2, 6:2.

Іңкәр мен Асылжан ширек финалда португалиялықтар Тереза Франку Диаш — Аналу Фрейтаспен ойнауы тиіс еді. Бірақ қарсыластары матчқа қатысудан бас тартты.
А.Арыстанбекова — І.Дүйсебай жартылай финалда румыниялық Мария Тома — өзбекстандық Севиль Юлдашеваның мысын басты — 6:4, 7:5.

Асылжан Арыстанбекова — Іңкәр Дүйсебай финалда испаниялық Селия Сервино Руис — словакиялық Тамара Шрамковамен бас жүлдені сарапқа салады.

Рейтингіде 1 093-орындағы А.Арыстанбекова жекелей сында да сәтті өнер көрсетуде. Ол алдымен испаниялық Карлота Кортеден айласын асырды — 6:4, 6:2.

Асылжан бүгін әлемнің 855-ракеткасы, тағы бір испаниялық Клаудия Феррер Перестен басым түсті — 6:4, 6:0. Сөйтіп ширек финалға жолдама алды.

Еске сала кетейік, бұдан бұрын Ролан Гаррос турниріне Қазақстаннан кімдер қатысатынын жазған болатынбыз. 

Сондай-ақ Заңғар Нұрланұлы әлемдік рейтингіде рекордтық көрсеткішке қол жеткізді. 

Анна Данилина Франциядағы жарыстың финалына жолдама алды