Қазақстандық теннисшілер Испаниядағы жарыста үздік шықты

АСТАНА. KAZINFORM — Қазақстандық теннисшілер Асылжан Арыстанбекова мен Іңкәр Дүйсебай жұптық сында Мадрид (Испания) ITF W15 турнирінің чемпионы атанды.

Асылжан Арыстанбекова мен Іңкәр Дүйсебай
Фото: Қазақстан теннис федерациясы

Аталмыш жарыстың 2-ракеткасы болып тіркелген қазақстандық жұп финалға дейін іркілмей жетті.

Соңғы бәсекеде доданың 4-ракеткалары, испаниялық Селия Сервино Руис — словакиялық Тамара Шрамковамен бас жүлдені сарапқа салды.

Бірінші партияда Асылжан мен Іңкәр 6:4 есебімен басым түсті.

Екінші сетте испаниялық-словакиялық дуэт қарымта қайырды – 6:2. Дегенмен супер тай-брейкте қазақстандықтар есесін жібермеді – 10:6.

Өткен жылы да Асылжан Арыстанбекова мен Іңкәр Дүйсебай осындай бірнеше турнирде топ жарған еді.

Қазақстанның жұптық сындағы бірінші, әлемнің 7-ракеткасы Анна Данилина Сен-Мало (Франция) челленджер турнирінің финалынан тыс қалды. Ол америкалық Эйжа Мухаммадпен бірге жартылай финалда тайбэйлік Чан Хао-Чин – америкалық Ивана Корлейге есе жіберді – 4:6, 6:7 (4:7).

Еске сала кетейік, бұдан бұрын қазақстандық теннисшілердің Испаниядағы турнирдің финалында ойнайтынын жазған едік.

Сондай-ақ Сандуғаш Кенжебаева Қытайдың турнирдің финалына шықты.