Қазақстандық теннисшілердің әлемдік рейтингідегі орны анықталды
АСТАНА. KAZINFORM — Әйелдер теннисі қауымдастығы (WTA) жаңартылған рейтингіні жария етті.

Қазақстанның бірінші ракеткасы Елена Рыбакина 10-орнын әзірге сақтап қалды.
Өткен аптада Аустралияның Брисбен қаласында Билли Джин Кинг кубогының іріктеу турнирінде Қазақстан құрамасы сапында өнер көрсеткен Е.Рыбакина 14-19 сәуір аралығында өтетін Штутгарт (Германия) WTA 500 жарысына қатыса алмайды. 2024 жылы қазақстандық теннисші осында жеңімпаз атанған еді. Биыл одан шет қалғандықтан, 500 рейтингілік ұпайынан айырылады. Қазірдің өзінде Е.РыбакинаWTA Live рейтингісінде 11-орынға төмендеп тұр.
Юлия Путинцева бұрынғысынша 23-сатыда болса, Жібек Құламбаева 310-нан 312-ге, Зарина Дияс 327-ден 328-ге сырғыды.
Жұптық сында Анна Данилина – 18, Ю.Путинцева – 75, Ж.Құламбаева 162-орында қалды.
Ерлер арасында кәсіби теннисшілер қауымдастығы (ATP) рейтингісінде Александр Бублик 76-дан 78-ге түссе, Александр Шевченко 106-дан 104-ке жоғарылады.
Дмитрий Попко 159-дан 161-ге, Михаил Кукушкин 162-ден 167-ге, Бейбіт Жұқаев 205-тен 207-ге түссе, Тимофей Скатов 179-да қалды.
Жұптық сында Александр Недовесов 103-тен 100-ге, А.Бублик 133-тен 130-ға көтерілді.
Осы аптада қазақстандық теннисшілер сәтті өнер көрсетсе, рейтингідегі орнын жақсарта алады.
Мюнхен (Германия) ATP 500 додасының алғашқы айналымында А.Бублик әлемнің 50-ракеткасы, бельгиялық Зизу Бергспен, А.Шевченко рейтингіде 36-сатыдағы италиялық Флавио Коболлимен кездеседі.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын Александр Бубликтің Мюнхен турниріне жолдама алғанын жазған болатынбыз.