Қазақстандық жас суретшілер Венеция биеннале көрмесінде тәжірибе алмасады
АСТАНА. KAZINFORM – Қазақстандық 10 жас суретші Венецияда өтетін халықаралық сурет өнері көрмесіне қатысып, тәжірибе алмасады. Бұл туралы Мәдениет және ақпарат министрлігі Мәдениет комитетінің төрағасы Күміс Сейітова мәлім етті.

«Венеция биеннале – халықаралық ірі көрмелердің бірі. Мемлекет басшысының биыл қаңтарда Италияға сапары барысында Қазақстанның 60-шы венециялық өнер биенналесіне қатысуы жөнінде өтінім берілді. Осыған орай әлемдік деңгейдегі көрмеге ұлттық павильонымыз ұйымдастырылып жатыр. Оның комиссары Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева. Көрме кураторлары Данагүл Төлепбай және Әнуар Мүсірепов. Ұлттық павильонның атауы – «Jeriyq» (Жерұйық)», - деді Күміс Сейітова 60-шы Венеция өнер биенналесінде Қазақстанның көрмесін ұйымдастыруға орай өткен баспасөз мәслихатында.
Халықаралық көрмеге қазақстандық танымал суретшілердің туындылары қойылады.
«Министрлік жоғары білім алып жатқан 10 жас суретшіні тәжірибе алмасу мақсатында қатыстыруды көздеп отыр. Венеция биеннале – халықаралық көрмесі 2024 жылы 20 сәуірде ресми ашылады және оған 90 мемлекеттен суретшілер қатысады», - дейді комитет басшысы.
Сондай-ақ Күміс Сейітова барлық шығынды меценаттар көтеретінін айтты.
Бұған дейін қазақстандық суретшілердің туындысы Венеция биеннале көрмесіне қойылатыны туралы хабарлаған едік.