Ұлттық құрылтай Ұлттық құрылтай

Қазақстандық жас теннисшілер Астана турнирін сәтті бастады

АСТАНА. KAZINFORM — Астана қаласындағы Beeline Arena ұлттық теннис орталығының корттарында халықаралық Asu Open турнирі өтіп жатыр.

ыв
Фото: ҚТФ

Әйелдер арасында World Tennis W15 жарысында Сандуғаш Кенжебаева мен Ева Корышева жекелей сында алғашқы жеңістеріне қол жеткізді. 

Рейтингіде 1 434-орындағы С.Кенжебаева әлемнің 1 107-ракеткасы, ресейлік Мария Михайлованы камбэкпен ұтты – 5:7, 6:3, 6:0.
Е.Корышева күтпеген жерден әлемнің 938-ракеткасы, үндістандық Аканкша Дилип Ниттурені жеңіп кетті – 6:2, 7:6 (7:4).

Ерлер арасында World Tennis M15 додасында әлемнің 627-ракеткасы Әмір Омарханов рейтингіде 1 033-сатыдағы украиналық Владимир Якубенкодан айласын асырды – 6:3, 6:3.

Тағы бір жас қазақстандық теннисші Дамир Жалғасбай әлемнің 1 126-ракеткасы, үндістандық Маан Кешарваниға еш мүмкіндік қалдырмады – 6:1, 6:2. 
Әйелдер арасында жұптық сында Альбина Кәкенова мен Анастасия Крымкова сенсациялық нәтижені тіркеді. Қазақстандық жұп жарыстың 4-ракеткалары, ресейліктер Екатерина Маклакова – Мария Шолохованы 3:6, 6:4, 11:9 есебімен тізе бүктіріп, ширек финалға шықты.

Бір күнде екі матч өткізген Е.Корышева Айя Нұпбаймен бірге алғашқы айналымда үндістандықтар Сонай Патал - Яшасвини Панварды 6:1, 7:5 есебімен қапы қалдырды. Ева мен Айя да ширек финалға жолдама алды.

Астана додасында басқа да қазақстандық теннисшілер өнер көрсетіп жатыр.

Еске сала кетейік, бұдан бұрын Жібек Құламбаеваның әлемдік рейтингіде 115-орынға көтерілгенін жазған едік. Сондай-ақ Тимофей Скатов Сан-Марино турнирінде алғашқы қарсыласын жолдан тайдырды.

Денис Евсеев Түркиядағы турнирде жергілікті теннисшіні камбэкпен ұтты.