Қазақстандық ЖОО-ларда ChatGPT Edu енгізіледі
АСТАНА. KAZINFORM – Елордада Білім беру сапасын қамтамасыз ету жөніндегі X Орталық Азия халықаралық форумы өтіп жатыр. Жиында Ғылым және жоғары білім вице-министрі Талғат Ешенқұлов қазақстандық жоғары оқу орындарына ChatGPT Edu енгізу жұмысы туралы айтып берді.
Оның айтуынша, жоба Ғылым және жоғары білім министрлігі, Цифрландыру және жасанды интеллект министрлігі, Оқу-ағарту министрлігі, OpenAI, Freedom Holding Corporation және «Қазақтелеком» арасындағы меморандум аясында жүзеге асырылып жатыр.
- Жоба профессор-оқытушылар құрамына, ЖОО қызметкерлеріне, ғылыми қызметкерлерге және «AI-Sana» бағдарламасына қатысушыларға жасанды интеллектіні тегін әрі қауіпсіз пайдалануға мүмкіндік береді, – деді Талғат Ешенқұлов.
Вице-министр жоғары білім беру саласында жасанды интеллектіні қолдану бағытында атқарылып жатқан басқа да жұмыстарға тоқталды. Қазір «AI-Sana» бағдарламасы бойынша 670 мыңнан астам студент білім алған. Жобаны өңірлерде жүзеге асыруға 27 ЖОО жауапты.
- Жасанды интеллект саласында ЖОО аралық стандарт қабылданып, 38 білім беру бағдарламасы іске асырылып жатыр. Бұдан бөлек, қазақстандық университеттер 308 AI-агент әзірледі. Олар талапкерлерді қабылдаудан бастап оқу процесін ұйымдастыруға және студенттердің оқуын аяқтауына дейінгі түрлі жұмыстарда қолданылады, - деді спикер.
Талғат Ешенқұлов бұл бастамалар студенттер мен оқытушылардың жасанды интеллектіні пайдалану мүмкіндігін кеңейтетінін атап өтті.
Айта кетейік, бұған дейін елімізде биылғы 1 қыркүйектен бастап шағын жинақты мектептерге жасанды интеллектіні енгізу бойынша пилоттық жоба іске қосылғаны хабарланды.