Қазақстандық ЖОО студенттеріне ASU қандай мүмкіндік ұсынып отыр

АСТАНА. KAZINFORM – Бүгін елордада HackAlem AI халықаралық хакатоны өтіп жатыр. Іс-шара аясында Arizona State University-дің жаһандық серіктестіктерді дамыту және халықаралық академиялық бастамалар бағытының аға директоры Крис Джонсон Қазақстандағы білім беру мүмкіндіктері туралы айтып берді.

Қазақстандық ЖОО студенттеріне ASU қандай мүмкіндік ұсынып отыр
Фото: Виктор Федюнин / Kazinform

Оның сөзінше, қазақстандық студенттер ASU оқу бағдарламалары бойынша елден шықпай-ақ білім ала алады. Қазір АҚШ университеті Қазақстандағы екі жоғары оқу орнымен серіктестік орнатқан.

Қазір ASU Алматыдағы Innotech University және Шымкенттегі М.Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан университетімен жұмыс істейді. Серіктестік аясында студенттер америкалық университеттің оқу бағдарламаларын меңгеріп, заманауи мамандықтар бойынша білім алу мүмкіндігіне ие.

– Студенттерге Қазақстаннан кетіп, Аризонаға барудың қажеті жоқ. Олар мұнда, яғни Алматыда немесе Шымкентте білім ала алады. Әрине, біз студенттерді АҚШ-та да қуана қарсы аламыз. Бірақ олардың киберқауіпсіздік, бизнестегі жасанды интеллект және басқа да заманауи бағыттарды осында оқи алатыны біз үшін маңызды, - деді Крис Джонсон.

Крис Джонсон
Фото: Виктор Федюнин / Kazinform

Оның айтуынша, қазіргі еңбек нарығында бір бағытты меңгеру жеткіліксіз. Жасанды интеллект технологиялары дамыған сайын әртүрлі саланың білімін ұштастыра алатын мамандарға сұраныс артып келеді.

– Жасанды интеллект дәуірінде тек бағдарламалауды білу немесе, мысалы, жақсы бухгалтер болу жеткіліксіз. Әртүрлі дағдыны ұштастыру қажет. Өз идеяңды жеткізе білу, аудиторияны қызықтыру және адамдарды соған тарта білудің маңызы зор, - деді ол.

ASU қазақстандық жастарға университет бағдарламаларынан бөлек, қысқа мерзімді білім беру мүмкіндіктерін де ұсынып отыр. Университет HackAlem AI хакатонының демеушілерінің бірі ретінде барлық қатысушыға ASU-дың кәсіпкерлік курсына жазылуға мүмкіндік берген.

HackAlem AI халықаралық хакатоны
Фото: Виктор Федюнин / Kazinform

Крис Джонсонның сөзінше, мұндай бағдарламалардың мақсаты тек диплом алумен шектелмейді. Студент оқу барысында кейін жұмысында немесе жеке жобасында қолдана алатын тәжірибе мен нақты дағдылар жинауы керек.

– Техникалық дағдылар әлі де өте маңызды. Бірақ сонымен бірге кәсіпкерлік ойлауды дамыту қажет. Қолдағы идея мен техникалық дағдыны өнімге қалай айналдыруға болады? Қалай нақты шешім жасауға болады? Студенттер осындай сұрақтарды өзіне қоя білуі керек, – деді ASU өкілі.

Қазақстандағы серіктестік әзірге бастапқы кезеңде. Университет алдымен Алматы мен Шымкенттегі бағдарламалардың нәтижесіне назар аудармақ. Соның ішінде студенттердің білім сапасы мен оқу аяқталғаннан кейін жұмысқа орналасуы ескеріледі.

HackAlem AI халықаралық хакатоны
Фото: Виктор Федюнин / Kazinform

– Біз қазір ғана бастап жатырмыз. Innotech University және М.Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан университетімен серіктестік орнатқанымызға көп уақыт болған жоқ. Ең алдымен осы бағдарламалардың сәтті жұмыс істейтініне, студенттердің сапалы нәтиже алып, жақсы жұмыс табатынына көз жеткізгіміз келеді. Одан кейін Қазақстанда, Өзбекстанда және жалпы өңірде студенттерді қолдаудың басқа мүмкіндіктерін іздейміз, - деп түйіндеді Крис Джонсон.

Айта кетейік, бүгін басталған HackAlem AI хакатонына 2500-ден астам адам қатысып жатыр. Олар бес сағат ішінде экономиканың 10 бағытының бірі бойынша жұмыс істейтін жасанды интеллект агентін әзірлеуі керек.

Хакатон финалистері 29 қыркүйекте Demo Day аясында өз жобаларын таныстырады. Жеңімпаздар 1 қазанда AI & Digital Bridge 2026 алаңында марапатталады.

HackAlem AI халықаралық хакатоны
Фото: Виктор Федюнин / Kazinform