Қазақстандық жұмыс берушілердің жұмысшылар алдында берешегі қанша
АСТАНА. KAZINFORM — Елімізде жұмыс берушілердің қызметкерлер алдындағы берешегі анықталды. Толығырақ Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі мемлекеттік еңбек инспекциясы комитеті төрағасының орынбасары Ерболат Абулхатин айтып берді.
— Елімізде еңбек тәуекелі картасы бар, тәуекелдер қатарына жалақы мен зейнетақы аударымы бойынша берешек жатады. Бүгінде республика бойынша жұмыс берушілердің жұмысшылар алдында 873 миллион теңге берешегі бар, — деді Ерболат Абулхатин орталық коммуникациялар қызметі алаңында өткен баспасөз мәслихатында.
Еңбек министрлігі өкілінің мәлімдеуінше, берешегі көп өңірлер қатарында Алматы, Атырау және Жамбыл облысы бар.
— Жалақы берешегі мемлекеттік еңбек инспекторлары тарапынан жоспарлы тексеру барысында, сондай-ақ жұмысшылардың өтініші негізінде және жоспардан тыс тексеру кезінде анықталады. Кәсіпорындардың еңбекақыны уақытылы төлеу процесін тексеруге уәкілетті органдармен қатар прокуратура қатысады. Тағы бір жайт, егер кәсіпорынның жұмысшыларға берешегі 3 айдан асса, мемлекеттік еңбек инспекторы мәжбүрлі түрде өндіру үшін материалды жеке сот орындаушысына жолдайды, — дейді ведомство маманы.
Аталған брифинг барысында белгілі болғандай, енді зейнетақы жинағы бар жұмысшы қазақстандықтар ғана еңбекпен қамтылған болып есептеледі.
Сондай-ақ Еңбек министрлігінің өкілі 4 күндік жұмыс аптасы жағдайында еңбекақы қалай есептелетінін түсіндірді.