Қазақстандық журналист Индира Жылқыайдарова өмірден озды
АСТАНА. KAZINFORM — «Хабар» телеарнасының журналисі Индира Жылқыайдарова өмірден өтті. Бұл туралы журналистің әріптестері әлеуметтік желілерге жазып, қаза туралы ақпарат таратты.
— Индира Жылқайдарова өмірден өтті… Біз Индирамен 7-арнада бірге жұмыс істедік. Ол өте мейірімді, жанашыр, үнемі күлімдеп жүретін жан еді. Өз ісіне адал, кәсіби деңгейі жоғары, мықты журналист болатын. Бір кездері редакцияның күнделікті тіршілігін, эфир мен жұмыстың қызығы мен шыжығын бірге бөліскен жас әріптестерің туралы осындай қаралы хабар есту өте ауыр… Жатқан жерің жайлы болсын, Индира! Жарқын бейнең мәңгі жадымызда қалады, — деп жазды белгілі тележүргізуші Сәнді Сұлтан Facebook парақшасына.
Әріптестерінің айтуынша, журналист соңғы жылдары ауыр дертпен күрескен.
— Дүние жалған….Мына аспан, қала мен дала, тіршіліктің бәрі жалған, бәрі қалады… Өмірді бітпейтіндей, күніміз таусылмайтындай ойлаймыз… Жанымыздағы адамдар үнемі бірге жүретіндей сенеміз. Алыстаса, қайта жолығамыз деп ойлаймыз. Бірақ әр сәт, әр адамның бағалы екенін ұмытып кетеміз. Әттең….Жарқыраған Индираны да солай ойладық, ортамызға оралады, қайтадан жайнап, қадамын нық басып, басын тік ұстап, өткір сұрақтарымен Үкімет, Парламенттен мықты сюжеттерін Khabartv «Жаңалықтары», «Жеті күнде» жазады деп сендік. Жалған өмір ай… Ол болмысы бөлек, мінезді қыз еді. Жазуы бөлек еді. Ешкімге ұқсатпай жазғанды ұнататын. Мәтінін мақтасаң балаша қуанатын. Сырқаттанғалы желіде хабарласып жаза қалсаң, лезде жауап беретін, қуанып….Оралғым келеді тезірек орталарыңызға дейтін… Көп арман-тілегі орындалмады ау, — деп жазды әріптесі Бағдат Абдухожаева.
Айта кетейік, танымал тележурналист Тілеуқабыл Мыңжасар тамыз айында дүниеден өткен еді.