Қазақстандықтар 18 трлн теңгеге несие алған

несие қарызы
Фото: freepik.com

Тұтыну несиесін беру сегментінде кейінгі үш жылда өсім байқалды. Бұл туралы Мәжілісте «Халықтың шамадан тыс кредит алуын азайту және қаржы сауаттылығын арттыру» тақырыбындағы Парламент тыңдауында Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің төрағасы Мәдина Әбілқасымова айтты, деп хабарлайды Kazinform.

«Жеке адамдардың несиелерінің жалпы көлемі 18 трлн теңгені, ал қарыз алушылардың саны 8 миллионнан астам адамға жетті. Тұтыну несиесін беру сегментінде кейінгі үш жылда өсім байқалды», – деді М. Әбілқасымова.

Оның сөзіне қарағанда, Ұлттық банктің дерегіне сәйкес 2021 жылдан бастап кепілсіз тұтыну несиелерінің орташа жылдық өсімі 33 пайызды құрады. Биылғы 8 айда тұтыну несиелерінің портфелі 9,2 трлн теңгеден асты.

«Екінші деңгейлі банктердің проблемалы қарыздарының деңгейі 5,2 пайызға жетті немесе 0,5 трлн теңгеден асты. Ал мерзімі өткен кредиті бар қарыз алушылар саны 516 мың адамға жетті, яғни қарыз алғандардың жалпы санының 7 пайызын құрады», – деді агенттік басшысы.

Бұдан бұрын хабарланғандай, Қазақстанда тұтыну несиесінің ең жоғары сомасына шектеу қойылмақ.

Соңғы жаңалықтар