Қазақстандықтар 220 мыңнан астам тауардың бағасын бір платформадан салыстыра алады
АСТАНА. KAZINFORM – Қазақстанда тұтынушыларға әртүрлі дүкендердегі тауар бағаларын салыстырып, тиімді ұсыныстарды таңдауға мүмкіндік беретін arzan.kz цифрлық сервисі дамытылмақ. Осы мақсатта Сауда және интеграция министрлігі мен платформа өкілдері ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойды, деп хабарлады Сауда және интеграция министрлігі.
Бірлескен жұмыс халыққа тауар бағалары мен жеңілдіктер туралы ақпараттың қолжетімділігін арттыруға, тиімді сауда жасау мәдениетін қалыптастыруға және баға мониторингінің цифрлық құралдарын жетілдіруге бағытталған.
Қазіргі уақытта arzan.kz платформасы Қазақстанның 7 қаласында жұмыс істейді. Сервис арқылы 18-ден астам сауда субъектісі ұсынған 220 мыңнан астам тауардың бағасын салыстыруға болады.
Платформа тұтынушыларға қажетті тауарлардан өз себетін құрастыруға, олардың әртүрлі дүкендердегі бағаларын салыстыруға, қолданыстағы жеңілдіктермен танысуға және ең тиімді ұсынысты таңдауға мүмкіндік береді.
Осылайша, азаматтар сатып алуды алдын ала жоспарлап, отбасылық бюджетін үнемдей алады.
– Ынтымақтастық аясында әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларына ерекше назар аударылады. Платформада олар арнайы белгімен көрсетілген. Нәтижесінде тұтынушылар әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларын басқа өнімдерден оңай ажырата алады, – делінген министрлік ақпаратында.
Сонымен қатар сервисте тұтынушылардың құқықтарын қорғау, сауда жүргізу қағидалары және сауда үстемелерін қолдану тәртібіне қатысты қолданыстағы заңнама нормаларына сілтемелер орналастырылады.
Бұл азаматтарға өз құқықтарын жақсырақ білуге және қандай тауарларға сауда үстемесін мемлекеттік реттеу қолданылатынын түсінуге көмектеседі.
Министрлік мәліметінше, ынтымақтастық ерікті әрі тең құқықты негізде жүзеге асырылады. Оған мемлекеттік бюджеттен қаражат бөлінбейді және өзара іс-қимыл тек ақпараттық сипатқа ие.
Айта кетейік, бұған дейін елімізде әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларына белгіленген сауда үстемесін асыра қосқандар көбейгені хабарланған болатын. Мұндай тауарларға сауда үстемесінің шекті мөлшері 15% болып белгіленген.