Қазақстандықтар атом энергетикасын дамытуға үлкен қызығушылық танытады – министр
АСТАНА. KAZINFORM – Энергетика министрі Алмасадам Сәтқалиев Үкіметте өткен брифингте қазақстандықтар елдегі атом энергетикасын дамытуға үлкен қызығушылық танытып отырғанын айтты.

«Біз Қазақстан азаматтарының, әсіресе жастардың атом энергетикасын дамытуға деген қызығушылығы өте зор екенін көріп отырмыз. Яғни, біз олардың тарапынан нақты қолдауды көрдік. Адамдар атом энергетикасын неге әлі дамытпағанымызды ашық сұрады. Барлығы атом энергетикасын, индустрияны, ғылымды, электрониканы, білім беруді, технологияны дамыту перспективаларын түсінеді. Ұлттық әл-ауқат қоры, қазақстандық атом электр станциясының еншілес кәсіпорны үлкен қызығушылықты тіркеді», - деді А.Сәтқалиев.
Алайда, министрдің айтуынша, кей журналистер бұл мәселені әлі жете түсінбеді және атомдық технологиялардағы қауіпсіздік жүйелерінің деңгейі қаншалықты терең дамығанын және қоршаған ортаны қорғаудың тиімді шешімдерін ұсыну жүйелерінің қаншалықты жетілгенін түсінбестен эмоцияларға көбірек сүйенеді. Дегенмен Энергетика министрі науқан толығымен ашық және транспарентті болатынын атап өтті.