Қазақстандықтар қалдықтарды өткізіп, сыйақы ала алады

АСТАНА. KAZINFORM — Қазақстанда азаматтарға қалдықтарды қайта өңдеуге өткізіп, сыйақы алуға мүмкіндік беретін EcoQolday цифрлық жүйесі жұмыс істейді. Бұл туралы ҚР Экология және табиғи ресурстар вице-министрі Жомарт Әлиев мәлімдеді. 

қалдық
Фото: Виктор Федюнин/ Kazinform

Оның айтуынша, EcoQolday — халықты қалдықтарды бөлек жинау мен қайта өңдеуге тартуға арналған цифрлық құралдардың бірі.

— Кез келген азамат жүйеге тіркеле алады. Егер ол пластик, макулатура, металл сынықтары немесе күнделікті тұрмыста жиналатын өзге де қалдықтарды жинаса, оларды өткізіп, белгілі бір мөлшерде төлем ала алады. «Жасыл даму» АҚ тұрмыстық қатты қалдықтарды жинау, сұрыптау және қайта өңдеу жүйесін қолдауды қамтамасыз етеді, — деді Жомарт Әлиев ReStart экологиялық жобасының мерейтойлық маусымының қорытындысына арналған іс-шара аясында журналистерге.

Вице-министрдің сөзінше, жоба азаматтар мен бизнестің қалдықтарды қайта өңдеуге белсенді қатысуын ынталандыруға бағытталған.

Мысал ретінде ол қалдықтармен жұмыс істеудің толық тізбегін қалыптастырған компанияны атады. Мұндай кәсіпорындар қалдықтарды бөлек жинаудан бастап, тасымалдау, сұрыптау және қайта өңдеуге дейінгі барлық кезеңді қамтиды.

Жомарт Әлиевтің айтуынша, органикалық қалдықтарды қайта өңдеу нәтижесінде тыңайтқыш ретінде пайдаланылатын гумус өндіріледі. Ал пластиктен жаңа өнім шығаруға қажетті түйіршіктер дайындалады.

Бұған дейін Астанада ReStart экологиялық жобасының оныншы мерейтойлық маусымы қорытындыланған еді. 

Айта кетелік қалдықтарды есепке алу мен бақылау бірыңғай цифрлық жүйеге көшіріледі