Қазақстандықтар қашан Оңтүстік Кореяда заңды жұмыс істей алады

АСТАНА. KAZINFORM – Қазақстандықтардың Оңтүстік Кореяда заңды түрде жұмысқа орналасуға мүмкіндік беретін оңтүстіккореялық «Employment permit system» жүйесіне қосылу процесі биыл аяқталуы мүмкін. Бұл туралы Еңбек және халықты әлеуметтік қолдау министрлігі Мемлекеттік еңбек инспекциясы комитетінің төрағасы Ерболат Әбілхатин айтып берді. 

Қазақстандықтар қашан Оңтүстік Кореяда заңды жұмыс істей алады
Фото: Reuters

Тілшілер оңтүстіккореялық «Employment permit system» жүйесіне Қазақстанның тіркелу процесі қай кезеңде тұрғанын сұрады.

− Өткен жылы Қазақстанда көші-қон саясатының тұжырымдамасы қабылданды, оның мақсаттарының бірі − қазақстандықтарға шетелде жұмысқа орналасуға және заңды еңбек етуіне мүмкіндік беру. Осы бағытта бірқатар елдермен келісім жасасу жұмыстары жүргізілуде. Өткен жылы Қатармен қазақстандықтарды жұмысқа орналастыру жөнінде келісімге қол қойылды. Сондай-ақ, Оңтүстік Кореямен де ауқымды жұмыс жүргізілді, − деді Ерболат Әбілхатин Үкімет үйінде өткен брифингте.

Оның айтуынша, қазақстандықтар, әсіресе елдің оңтүстік өңірлерінің тұрғындары бұған зор қызығушылық танытып отыр.

− Өкінішке қарай, олар қазір Оңтүстік Кореяда заңсыз жұмыс істеп жүр. Біздің мақсатымыз — олардың еңбегін заңдастыру. Қазақстан тарапынан Сыртқы істер министрлігі тиісті ұсыныстарды Оңтүстік Кореяға жолдады. Алайда, бұл елде үкімет ауысқаннан кейін процесс сәл баяулады. Дегенмен, жаңа үкімет пен президенттің келуін ескере отырып, былтыр басталған жұмыс биыл аяқталады деп ойлаймын. Бұл процесс Қазақстанға емес, толықтай Оңтүстік Корея үкіметінің шешіміне байланысты, − деп түсіндірді министрлік өкілі.

Айта кетейік, бүгінгі Үкімет отырысында өндірісте қауіпсіз еңбек жағдайларын қамтамасыз ету және еңбек саласын толық цифрландыру тақырыбы қаралды.

Елімізде Еңбек қауіпсіздігі мамандарын даярлайтын оқу орталығы ашылады.

Соңғы жаңалықтар