Қазақстандықтар қажылыққа барады: әуе компанияларына қандай талаптар қойылады

АСТАНА. KAZINFORM – Таяу Шығыстағы күрделі геосаяси жағдайға қарамастан, отандастарымыз биыл да қажылыққа барады. Ислам парыздарының бірі 15 мамыр мен 5 маусым аралығында өтеледі. Қазақстандықтардың Сауд Арабиясына қауіпсіз барып-келуі үшін қандай жағдай жасалатыны жөнінде анықтаған едік.

Мекка хадж Мекке  қажылық
Фото: Мақсат Шағырбаев/ Kazinform

Қазақстанның авиациялық әкімшілігі ұсынған мәліметке сай, Сауд Арабиясының әуе кеңістігі халықаралық рейстер үшін ашық. Бірақ Таяу Шығыстағы кей елдерде әлі де шектеулер бар.

– Осындай жағдайға байланысты қазақстандық әуе компаниялары маршруттарды жоспарлағанда, сын-қатерлерді ескеруі тиіс, – делінген Қазақстанның авиациялық компаниясының сауалымызға жолдаған ресми жауабында.

Жолаушы тасымалдаушыларға нақты міндеттер қойылып отыр. Олар төмендегі мәліметтерді әрдайым бақылап, біліп, ескеруі керек:

· Халықаралық ұйымдардың деректері. Соның ішінде Халықаралық азаматтық авиация ұйымы (ICAO), Авиациялық қауіпсіздік агенттігі еуропалық одағы (EASA) және басқа да ұйымдардың мәліметтері;

· Аэронавигациялық ақпарат, сондай-ақ NOTAM (әуеайлақ инфрақұрылымының жағдайы және ұшу қауіпсіздігіне ықтимал қауіптер туралы жедел хабарламалар);

· Мемлекеттік органдардың ақпараты мен ашық дереккөздердегі мәліметтер.

Осындай талаптар орындалса, рейстердің қауіпсіздігін бақылауда ұстауға болады әрі халықаралық тәжірибеге де сай келеді.

– Сауд Арабиясына әуе рейстерінің маршруты қауіпті аймақтарды және жабық әуе кеңістіктерін айналып өту арқылы құрылады. Мұндай тәсіл халықаралық тәжірибеде бар. Осы арқылы рейстердің қауіпсіздігі қамтамасыз етіледі. Алматы – Джидда/Медина, Астана – Джидда/Медина, Шымкент — Джидда/Медина бағытындағы тікелей рейстер жоғарыдағы талаптар орындалған жағдайда ғана жүзеге асады, – делінген хабарламада.

Сондай-ақ, авиациялық әкімшіліктің мәліметінше, Таяу Шығыстағы кей елдердің әуе кеңістігі жабық күйінде қалып отыр. Жағдай әрдайым бақылауда. Қосымша шешімдердің қабылдануы әскери-саяси ахуалдың өзгеруіне байланысты.

Айта кетейік бұған дейін биылғы қажылық маусымы 15 мамыр – 5 маусым аралығында өтетінін жазғанбыз.