Қазақстандықтар қызметтік паспортпен Еуропаның үш еліне визасыз бара алады

АСТАНА. KAZINFORM – Соңғы он жылда Қазақстан мен Бельгия арасындағы тауар айналымы үш есе өсті. Ал Бельгияның Қазақстан экономикасына салған инвестициясы 10 млрд доллардан асты. Бұл туралы Бельгияның федералдық министрі Жан-Люк Крюйке Ақордада өткен келіссөздер барысында мәлімдеді.

Қазақстандықтар қызметтік паспортпен Еуропаның үш еліне визасыз бара алады
Фото: Ақорда

Еуропалық министрдің айтуынша, бүгінгі мемлекеттік сапар Астанадағы Бельгия елшілігінің ашылғанына 20 жыл толған кезеңмен тұспа-тұс келіп отыр. Бұл – екіжақты қарым-қатынастар тарихындағы маңызды белес.

– Мемлекеттік сапардың нақты нәтижелеріне де тоқталғым келеді. 1 қарашадан бастап Қазақстанның қызметтік паспорт иелеріне визасыз сапарлауға мүмкіндік беретін Бенилюкс хаттамасы (Бельгия, Нидерланд, Люксембург) күшіне енеді. Бұдан бөлек, екі елдің сыртқы істер министрліктері арасындағы ынтымақтастықтың 2029 жылға дейінгі басым бағыттарын айқындайтын жол картасы қабылданады. Бұл құжат екіжақты байланыстарды, соның ішінде экономикалық ынтымақтастықты дамытуға негіз болады, – деді Жан-Люк Крюйке Ақордада кеңейтілген құрамдағы келіссөзде.

Сондай-ақ Бельгия мен Қазақстанның компаниялары, университеттері және түрлі мекемелері арасында бірқатар келісімге қол қойылады. Бұл экономикалық, ғылыми-білім беру және гуманитарлық байланыстарды одан әрі нығайтуға мүмкіндік береді.

– 2027 жылы дипломатиялық қатынастарымыздың орнағанына 35 жыл толатынын ескерсек, бұл жетістіктер екі ел арасындағы серіктестіктің берік екенін көрсетеді. Соңғы жылдары экономикалық байланыстарымыз айтарлықтай нығайды. Соңғы он жылда екіжақты сауда көлемі үш есе өсті, ал Бельгияның Қазақстан экономикасына салған инвестициясы 10 миллиард доллардан асты, – деді бельгиялық министр.

Әсіресе екі ел көлік-логистика, маңызды шикізат түрлері, денсаулық сақтау, ауыл шаруашылығы және жаңартылатын энергетика салаларындағы ынтымақтастықты тереңдетуге зор мүмкіндік бары айтылды.

– Транскаспий халықаралық көлік дәлізі Еуропа мен Орталық Азия арасындағы көлік қатынасын дамытуда стратегиялық маңызға ие, – деді Жан-Люк Крюйке.

Айта кетейік, 11-14 қазан күндері Бельгиялықтар Королі Филипп және Патшайым Матильданың Қазақстанға мемлекеттік сапары өтеді.

Сапар бағдарламасы төрт негізгі бағытты қамтиды. Олар – аса маңызды пайдалы қазбалар, жасанды интеллект, денсаулық сақтау, сондай-ақ тарих пен мәдениет.

Бүгін Қасым-Жомарт Тоқаев Бельгиялықтар Королі Филипп пен Матильда патшайымды Ақордада қарсы алды.

Өз кезегінде Бельгиялықтар Корольі Филипп пен Патшайым Матильда сапардан ерекше әсер алғанын айтуда.