Қазақстандықтар күніне қанша тұз тұтынады

Еліміздегі қоғамдық денсаулық сақтау ұлттық орталығының зерттеуі бойынша Қазақстандықтар күніне 18 грамм тұз тұтынады екен. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы күніне 5 гр тұз тұтынуды ұсынады. Ол шамамен 16 шымшыш немесе бір шай қасықты құрайды, деп хабарлайды Kazinform.

тұз
Фото: pexels

Негізінен тұздың пайдасы көп. Ол адам бойындағы сұйықтық тепе-теңдігін қамтамасыз етеді, бұлшық еттің жиырылуында маңызды рөл атқарады. Бірақ оны шамадан тыс тұтыну ағзадағы сұйықтықтың шығуын қиындатып, ісіну пайда болады. Сондай-ақ тұзды көп мөлшерде тұтыну қан қысымын көтереді. Ал созылмалы аурулары бар науқастар инсульт алуы мүмкін және бауыр, бүйрек, жүрек ауруларына әкеліп соғады.

Тұз мөлшерін азайтудың әдістері бар. Мысалы: тамақты қатты қуырмаңыз, сол кезде азық-түліктегі тұздың дәмі жақсы сақталады. Тұзды өлшеуіш қасықпен салыңыз. Сол кезде оны қандай мөлшерде қолданып жатқаныңызды біліп отырасыз, қажет болса азайтасыз. Негізінен тұзға шектеу қойғаннан кейін, 1 айдан соң дәм сезу рецепторлары қалпына келіп, тұзға деген қажеттілік өз-өзінен азаяды. Ал тұзды сатып аларда оның құрамына йод болуы маңызды. Тұзды қараңғы және жабық ыдыста сақтасаңыз кұрамындағы йод жақсы сақталады. Тамақ дайындаған кезде тұзды ас піскен кезде қосу керек.

Тұздың зияны мен пайдасы, тұзды тұтынуды азайту тәсілдері туралы «Жібек жолы» арнасында «Біздің дәрігер» жобасының 22 желтоқсандағы санынан көріңіз.