Қазақстандықтар Лондондағы білім көрмесінде бірқатар келісім жасасты

ЛОНДОН. KAZINFORM — Елімізде білім сапасын арттыру үшін жасанды интеллектке сүйенетін жетекші елдердің озық тәжірибесі қолданылады. Бұдан бөлек британиялық ірі жоғарғы оқу орындарының филиалдары ашылмақ, деп хабарлайды Kazinform агенттігінің Лондондағы меншікті тілшісі Ғалымжан Қараманұлы.

білім
Фото: Ғалымжан Қараманұлы

Bett Show 2024 — білім беру технологияларының ең ірі көрмесі. Оған жаһанның түкпір-түкпірінен сала көшбасшылары ғана емес, сондай-ақ 600-ден астам инновациялық компания өкілдері де қатысып жатыр. 

көрме
Фото: Ғалымжан Қараманұлы

Қазақстанның Оқу-ағарту министрі IT сала өкілдерімен және Microsoft, Google, Lenovo сияқты алып компаниялардың басшыларымен кездесіп, келіссөз жүргізді.

«Жасанды интелектіні қолданудың қыр-сырын қарастыруды, екіншіден, мұғалімдерді дайындауда цифлық білімнің әлемдегі көш бастап тұрған мықты компаниялар мен елдердің тәжірибесін қолдануды жоспарлап отырмыз», — дейді ҚР Оқу-ағарту министрі Ғани Бейсембаев.

ғани бейсембаев
Фото: Ғалымжан Қараманұлы

Қазақстандық жоғары оқу орындары британиялық әріптестерімен тығыз байланыста жұмыс істеп келеді.

Халықаралық көрме аясында Narxoz университеті мен Queen’s University арасында ынтымақтастық туралы келісімге қол қойылды.

Алдағы уақытта Алматыда қос дипломдық білім бағдарламасы ашылаы.

«Болашақта бизнес-менеджмент, экономика, қаржы салалары бойынша мамандар дайындаймыз. Осы бағытта бірлесе жұмыс істеуге ынтықпыз. Бұл әріптестігіміздің зор жетістіктерге жеткізетініне кәміл сенеміз», — дейді Queens University Belfast проректоры Нола Хьюит-Дандас.

Нола Хьюит-Дандас
Фото: Ғалымжан Қараманұлы

Президент тапсырмасына сәйкес 2025-жылға дейін Қазақстанда бірнеше жетекші шетелдік жоғарғы орнын ашу көзделген. Былтыр бұл межеге толығымен қол жеткізілді. Қазақстанда соңғы 2 жылдың ішінде 8 жетекші университеттің филиалдары ашылды.

«Студенттерімізді британиялық жоғарғы оқу орындарына жіберудің орнына, керісінше, Қазақстанда шетелдік университеттер ашу стратегиясы өз жемісін беруде. Мәселен, Хэрриот-Уоттспен меморандумға қол қойылды. Алматыда Де-Монфор университетінің кампусы ашылды. Бұл үрдіс жалғасын табады деген үміттеміз», — дейді Қазақстанның Ұлыбританиядағы елшісі Мағжан Ілиясов.

мағжан ілиясов
Фото: Ғалымжан Қараманұлы

Шара аясында Ұлыбританияның білім және ғылым саласының ресми өкілдерімен кездесулер өткізіліп, екі ел арасындағы ынтымақтастықты одан әрі тереңдету мәселелері талқыланды. Көрмеге қазақстандық ұстаздар мен оқытушылар, сондай-ақ жоғарғы оқу орындарының ректорлары қатысты. 

білім
Фото: Ғалымжан Қараманұлы