Қазақстандықтар мәслихат депутаттарын сайлауға белсенді қатысып жатыр

АСТАНА. KAZINFORM – Қазақстандықтар мәслихат депутаттарын сайлауға белсенді қатысып жатыр.

Қазақстандықтар мәслихат депутаттарын сайлауға белсенді қатысып жатыр
Фото: Kazinform

Әсіресе жастардың белсенділігі байқалады. Бірі сайлау учаскесіне ата-анасымен келсе, енді бірі достарымен бірге дауыс беруге барған. Ал кейбірі бүгін алғаш рет сайлау бюллетенін алып отыр.

Қазақстандықтар, әсіресе жастар дауыс беруге белсенді қатысып жатыр

Батыс Қазақстан облысында сайлауға алғаш рет Берік Тілеуов қатысты. Ол Тасқала ауданының Мерей ауылдық округіндегі № 343 учаскеде дауыс берді. Ал Маңғыстау облысында Жаңаөзен қаласының 25 жастағы тұрғыны Тілеухан Ақжигит Рахат ауылындағы сайлау учаскесіне алғашқылардың бірі болып келді. Ол волонтерлікпен айналысады және жас жерлестерінің қоғамдық бастамаларға араласуына көмектеседі.

Қазақстандықтар мәслихат депутаттарын сайлауға белсенді қатысып жатыр
Фото: Kazinform

Алматыда сайлаушылар таңертеңнен бастап әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетіне де келді. Университеттегі сайлау учаскелерінің бірінде сайлаушылардың басым бөлігі — студенттер. Алғаш рет дауыс беретіндерге естелік сыйлықтар дайындалды. Оларға университет аты берілген әл-Фарабидің «Музыка туралы үлкен кітабы» табысталды.

Сайлау учаскелерінің маңындағы ерекше шаралар жастардың қызығушылығын арттырды

Алматының Медеу ауданында жас сайлаушылар дауыс бергеннен кейін де кідіріп, уақыт өткізуге мүмкіндік алды. Бауыржан Момышұлы атындағы мектеп-гимназиясында «Сайлаушымен бірге ән шырқа» атты караоке ұйымдастырылды. Мұнда Алматы туралы әндер мен көпшілікке таныс хиттер шырқалды. Бірі микрофонмен ән айтса, енді бірі оған қосылып, ән шырқап, би биледі.

Гүлмаржан Айдосқызы мен оның құрбылары үшін караоке күтпеген тосынсый болды.

- Құрбыларыммен бірге дауыс беруге келдік. Мұнда ән айтуға да болады екен. Бізге Қайрат Нұртастың әндері ұнайды, оған билеуге де болады, — деді сайлаушы.

Қазақстандықтар мәслихат депутаттарын сайлауға белсенді қатысып жатыр
Фото: Kazinform

Қалқаман-2 шағынауданында дауыс бергеннен кейін бейнелеу және сәндік-қолданбалы өнер көрмесін тамашалауға болады. Көрмеге шеберлердің ұлттық дәстүрге негізделген картиналары мен қолдан жасаған бұйымдары қойылған. Ал Самал-2 шағынауданындағы қолөнер жәрмеңкесінде авторлық ойыншықтар, тоқылған бұйымдар мен полимерлі саздан жасалған әшекейлер ұсынылды.

Қазақстандықтар мәслихат депутаттарын сайлауға белсенді қатысып жатыр
Фото: Kazinform

Алматыдағы сайлау учаскелері орналасқан басқа мектептерде балалардың суреттері, қала тарихы туралы кітаптар мен керамикалық бұйымдар көрмесі ұйымдастырылды. Ал Ақмола облысының Қосшы қаласында сайлаушыларды музыкамен қарсы алды. Учаске кіреберісіне «Мен дауыс бердім» деген жазуы бар фоторамка орнатылып, қалаған адам естелік суретке түсе алды.

Қазақстандықтар мәслихат депутаттарын сайлауға белсенді қатысып жатыр
Фото: Kazinform

Түркістан облысы Отырар ауданының Шәуілдір ауылында дауыс беру күні дәстүрлі дастарқанмен жалғасты. Тұрғындар үшін ыстық бауырсақ пен ұлттық сусындар ұсынылған «Бауырсақ Party» ұйымдастырылды.

Аға буын өкілдері азаматтық жауапкершіліктің жоғары үлгісін көрсетіп жатыр

Жастармен бірге таңертеңнен бастап сайлауға қатысқан азаматтардың арасында дауыс беруді көптен бері дәстүрге айналдырған аға буын өкілдері де бар. Алматыда өз учаскесіне алғашқылардың бірі болып 90 жастағы Борис Пирог келді. Отставкадағы офицер Жетісу ауданында көп жылдан бері тұрады және осы уақыт ішінде бірде-бір сайлауды жібермеген. Құрмет белгісі ретінде комиссия төрайымы оған естелік сыйлық табыстады.

Аға буын өкілдері сайлау күнін маңызды оқиғаларды қарсы алуға үйренген дәстүр бойынша — бата беріп, шашу шашумен атап өтті. Алматы облысының Еңбекшіқазақ ауданында аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Жұман Мыңқыбаев дауыс берер алдында жиналған жұртқа бата берді. Ақсақал жерлестеріне бірлік, әр отбасыға молшылық пен береке тіледі.

Батыс Қазақстан облысының Жаңғала ауданында алғашқы сайлаушылардың қатарында Мәншүк Шәріпова мен Гауһар Захарова болды. Дауыс бергеннен кейін учаскелік комиссия төрағасы оларға кітап сыйлады, ал әйелдер оған жауап ретінде бата берді. Алматыдағы сайлау учаскелерінің бірінде аға буын өкілдері ақ жаулық тағып, шашу шашты. Олар дауыс беруге келген барша жұртқа бейбітшілік пен береке тіледі.

Қызылорда облысының Жаңақорған ауданында 102 жастағы Тәжбен Исабекова үйінде дауыс берді. Бюллетеньді толтырғаннан кейін ол да бата берді. Ғасыр жасаған кейуана халықтың мүддесін қорғайтын азаматтарға елге қамқор болып, халыққа адал қызмет етуді тіледі.

- Ұрпағымыздың болашағы жарқын, бірлігіміз бекем болсын, — деді Тәжбен Исабекова.

Айта кетелік сайлаушылардың 12,31%-ы дауыс бергені туралы жазған едік.