Қазақстандықтар неге өз елтаңбасын танымайды

елтаңба
Фото: видеодан алынған кадр

АСТАНА. KAZINFORM — «Жаңа адамдар» жастар қозғалысы қазақстандықтардың елтаңбамыз туралы не ойлайтынын білу үшін Астана мен Алматыда 500-ден астам әртүрлі жастағы адамдар арасында сауалнама жүргізді.  

Сауалнама кезінде елдің көбі рәміздің бейнесін еске түсіре алмады. Қатысушылардың 70% елтаңбамыздағы жекелеген элементтердің мән-мағынасын түсінбейтінін айтты. 

30% ғана алты бірдей ұқсас рәміз арасынан біздің төл елтаңбамызды нақтылап, танып көрсете алды.

Тіпті көбінің ұқсас рәміздер арасынан қанатты тұлпары бар өзіміздің елтаңбамызды емес, құстар мен айдаһар бейнеленген өзге рәміздерді көрсеткені таң қалдырды.

«Сауалнама барысында отандастарымыздан мемлекетімізді адами қасиеттермен сипаттап беруін сұрадық. Астана мен Алматы тұрғындарының басым көпшілігі бірдей жауап берді. Қазақстан деген — қонақжайлық, еркіндік, отбасы құндылықтары мен бірлік. Бірақ көбі осы айтылған басты құндылықтарды біздің қазіргі елтаңбамыздан көре алмағанын атап өтті. Мемлекетіміздің қазіргі елтаңбасы бірлік пен ынтымақ шақырып, рәміз ретінде өз маңына шоғырландыра ала ма? Сауалнама қорытындысы қарапайым тұрғындардың рәміз мағынасын түсінбейтінін және тани алмайтынын көрсетті. Қарапайым халық үшін рәміз — кітап бетіндегі сурет секілді немесе міндетті түрде басшылардың кабинетінде ілініп тұруы керек мемлекеттік дүние ретінде қабылданғандай, елтаңбамыздың семиотика немесе мағынаға ие болмағаны ма? Неліктен мұндай қорытындыға келдік? Мәселе қазақстандықтарда ма? Әлде кінәрат рәмізде ме?» деп толғанады «Жаңа адамдар». 

елтаңба
Фото: видеодан алынған кадр

Күрделі, эклектикалық мағынадағы совет үкіметінен қалған элементтер рәмізіміздің нұрын тұмшалаған іспетті және бізді бір ұлт ретінде шоғырландыру міндетін атқара алмай тұр дейді олар.  

«Президент Қасым-Жомарт Тоқаев жаңа әділетті Қазақстан құру бағдарын ұсынды. Ол — қарапайым халықтың ұсыныстары мен өтініштерін тыңдай білетін мемлекетті қалыптастыру. Осы орайда жаңа рәмізіміз туралы толғансақ, жаңарған жаңа Қазақстанның жаңа рәмізі жаһандық кедергілерден тайсалмай өту жолында халқымыздың бірлігі мен ынтымағын күшейтері сөзсіз», — дейді қозғалыс өкілі Мәди Өмірзақов.  

Соңғы жаңалықтар