Қазақстандықтар отбасын қандай себеппен құрады - зерттеу

АСТАНА. KAZINFORM – Қазақстандық қоғамдық даму институты қазақстандықтар арасында некеге тұрудың негізгі себептеріне қатысты әлеуметтік зерттеу нәтижелерін ұсынды.

Астанада Наурыз мейрамында 5 жұптың некесі қиылды
Фото: Астана әкімдігі

Зерттеу деректеріне сәйкес, некеге тұрудың басты себебі ретінде респонденттердің 59,9%-ы махаббатты атаған. Бұл көрсеткіш отбасын құруда эмоционалдық факторлардың басым екенін көрсетеді.

- Сондай-ақ азаматтар некеге тұруға әсер ететін өзге де маңызды себептерді атап өткен. Атап айтқанда, қатысушылардың 17%-ы көзқарастар мен қызығушылықтардың ортақтығын маңызды деп санайды. Ал 10,7%-ы баланың дүниеге келуін негізгі себептердің бірі ретінде көрсеткен. Тағы 5,5% респондент ата-анадан тәуелсіз болуды некеге тұрудың себебі ретінде атаған, - деп жазды институттан.

Зерттеу нәтижелері қазақстандықтар үшін отбасы ұғымы ең алдымен бақыт пен махаббатпен байланысты екенін көрсетті. Респонденттердің 44,9%-ы отбасын дәл осы құндылықтармен ұштастырған.

Сонымен қатар азаматтар неке ұғымын қарым-қатынасты ресми түрде рәсімдеу және отбасы құрумен байланыстырады.

Айта кетейік, зерттеу «Қазақстан отбасылары – 2024» тақырыбында жүргізілген. Сауалнамаға 3000 респондент қатысқан.

Бұған дейін Алматыдағы Отбасын қолдау орталығына 1 мыңнан астам өтініш түскені хабарланды.

Соңғы жаңалықтар