Қазақстандықтар референдумға өте белсенді қатысты — түркиялық байқаушы

АСТАНА. KAZINFORM — Түркия Республикасының Жоғарғы сайлау кеңесінің төрағасы Ахмет Йенер Қазақстандағы конституциялық референдумның ашық, әділ және қауіпсіз өткенін айтты. 

Ахмет Йенер
Фото: Виктор Федюнин/ Kazinform

— Қазақстанның демократия жолындағы маңызды кезеңі болып саналатын конституциялық құрылым үдерісіне қатысу біз үшін үлкен тәжірибе болды. Бүгін жарияланған нәтижелерге сәйкес, Қазақстан халқының сайлауға 73,12% деңгейінде жоғары қатысуы демократия тұрғысынан шын мәнінде қуанышты жағдай. Сонымен бірге, 87,15% дауыс нәтижесінің тіркелуі де қуантарлық жайт, — деді Ахмет Йенер елордада өткен брифингте.

Түркиялық байқаушы Қазақстан халқының балаларымен бірге дауыс беру орындарына келгенін, жастар мен егде жастағы азаматтардың сайлауға ерекше мән бергенін байқағанын жеткізді.

Сайлау үдерістеріне қатысты А. Йенер Қазақстан заңнамасы мен халықаралық стандарттарға сәйкес, референдумның ашық, әділ және қауіпсіз жағдайда өткенін айтты.

— Қазақстанның Орталық референдум комиссиясы барлық қажетті ақпаратты азаматтарға жеткізіп отырды. Дауыс беру учаскелеріндегі қызметкерлердің сыпайылығы және қойған сұрақтарымызға берген жауаптары Қазақстанның сайлау комиссиясы үлкен жауапкершілік танытып, тиісті дайындық пен оқыту жүргізгенін көрсетті. Әсіресе дауыс беру учаскелерінде мүмкіндігі шектеулі азаматтар үшін компьютерлік форматта сайлау процесі мен референдум туралы түсіндірме мәтіннің болуын ерекше әрі болашақтағы сайлау тәжірибесінде қолдануға болатын жақсы тәжірибе деп санаймыз, — деді спикер.

Айта кетейік, 16 наурыздағы таңғы сағат 8:00–дегі жағдай бойынша, еліміздің барлық өңірлері мен шетелдегі 10 388 референдум учаскесінде дауыстарды санау аяқталды.

Референдумға қойылған мәселенің оң шешімін жақтап дауыс берген азаматтардың саны 7 миллион 954 мың 667 адам немесе 87,15%.

Бүған дейін ТМД байқаушылар миссиясы референдум нәтижелеріне әсер етуі мүмкін қандай да бір заң бұзуды анықтамағанын айтқан еді