Қазақстандықтар «ЦОН» қосымшасында қандай қызметті ең көп пайдаланды
АСТАНА. KAZINFORM — Жазда «ЦОН» қосымшасына 281 мыңнан астам өтініш түскен, деп хабарлайды «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясының баспасөз қызметі.
Жаздың үш айында қазақстандықтар күнделікті мәселелерін шешу үшін «ЦОН» қосымшасын белсенді пайдаланды. Азаматтар қосымша арқылы электронды кезекке жазылып, жүргізуші куәлігін алуға арналған емтихандарға өтініш берген, сондай-ақ басқа да мемлекеттік қызметтерді онлайн алған.
Бүгін мемлекеттік корпорация «Қызықты статистика» айдарында жаз мезгілінде қазақстандықтар арасында ең көп сұранысқа ие болған сервистерді ұсынды.
Олардың мәліметінше, үш айдың қорытындысы бойынша «ЦОН» қосымшасында ең көп сұранысқа ие қызметтердің қатарында жүргізуші куәлігін алғаш рет алуға өтініш беру, теориялық және практикалық емтихандарға жазылу бар.
— Атап айтқанда, жүргізуші куәлігін алғаш рет алу қызметіне 281 489 өтініш берілген. Ал теориялық емтиханға жазылу сервисін 254 340 адам пайдаланған. Практикалық емтиханға жазылу қызметіне жаз бойы 141 180 өтініш түскен. Осылайша, жүргізуші куәлігін алуға байланысты үш қызметтің өзіне жаз айларында 677 мыңнан астам өтініш берілген, — делінген хабарламада.
«ЦОН» қосымшасы арқылы азаматтар мемлекеттік қызметтерді қашықтан алып, ХҚКО-ға бару уақытын алдын ала жоспарлай алады.
Бұған дейін «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы еліміздегі неке қию статистикасын жариялады.