Қазақстандықтардан саусақ ізін алу тәртібі қалай өзгерді – Үкімет қаулысы
«Ашық НҚА» порталында «Дактилоскопиялық және геномдық тіркеуді жүргізу қағидаларын бекіту туралы» Үкімет қаулысына енгізілетін өзгерістер жобасы жариянланды, деп хабарлайды Kazinform.
Құжат 19 қаңтарға дейін қоғам талқылауында болады. Қаулы жобасында Қазақстан азаматтары жеке куәлік пен паспортты бірінші рет алу үшін, сондай-ақ оны қалпына келтіріп, ауыстыру үшін өтінішпен келгенде Ішкі істер министрлігінің органдары ерікті түрде, яғни өтініш берушінің келісімімен ғана саусақ ізін алатыны айтылған.
Ал Қазақстан Республикасында уақытша тұруға рұқсат беру кезінде шетелдіктер мен азаматтығы жоқ адамдардан саусақ ізі міндетті түрде алынады.
Қазақстан аумағында тұрақты тұруға рұқсатты ресімдеу кезінде шетелдіктер мен азаматтығы жоқ адамдардың дактилоскопиялық ақпараты мынадай мәліметтерді қамтиды:
1) аты, әкесінің аты (егер ол жеке басты куәландыратын құжатта көрсетілсе), тегі;
2) туған күні;
3) жынысы;
4) қолдарының он саусағының папиллярлық бедері құрылымының ерекшеліктері туралы ақпарат;
5) азаматтығы;
6) фотосуреті;
7) жеке басын куәландыратын құжаттың нөмірі, берілген күні, қолданылу мерзімі;
8) дактилоскопиялық тіркеу жүргізілген күн мен негізі;
9) дактилоскопиялық тіркеуді жүзеге асырған адамның аты, әкесінің аты (егер ол жеке басты куәландыратын құжатта көрсетілсе), тегі;
10) виза, уақытша тұруға рұқсат берілген күні, қолданылу мерзімі;
11) тұрақты тұру жоспарланып отырған жердің мекенжайы;
12) тұрақты тұруға өтінішті қараған органның атауы қосымша енгізіледі.
Көші қон ведомствосының қызметкері Қазақстан азаматын құжаттау рәсімін бастамас бұрын одан дактилоскопиялық тіркеуден өтуге ниеті бар-жоғын сұрайды.
«Егер ол дактилоскопиялық тіркеуден өтуге ниет білдірсе, көші-қон қызметінің қызметкері өтінім қалыптастырады. Қазақстан Республикасының азаматы дактилоскопиялық тіркеуден өтуден бас тартқан кезде көші-қон қызметінің қызметкері құжаттауды жалғастырады. Қазақстан Республикасының азаматы бұрын дактилоскопиялық тіркеуден өткен болса, қызметкер «ЖБС» ААЖ арқылы тексеру жүргізеді», - делінген қаулы жобасында.
Ұсынылып отырған өзгерісте дактилоскопиялауға мүмкіндік бермейтін дене кемістіктерінің қатары да нақтыланған.
Олар:
1) екі қолыңызда барлық саусақтардың немесе қолдың болмауы;
2) дактилоскопиялық тіркеуден өтуден босату үшін негіз болып табылатын бар сырқаты туралы дәрігерлік-консультациялық комиссия қорытындысының болуы.
Бұған дейін Мәжіліс саусақ ізін тапсыру міндеті туралы бастаманы заңнан алып тастағанын жазған едік.