Қазақстандықтардың 41 пайызы ғана Көшпенділер ойынынан хабардар
АСТАНА. KAZINFORM — 8-13 қыркүйек аралығында Астанада Дүниежүзілік көшпенділер ойыны өтетінін білесіз бе? Қоғамдық саясат институты шілде айында өткізген сауалнамада халыққа осы сұрақты қойып көрді. Қатысқандардың 41,4 пайызы биыл Астанада осындай аламан өтетінін білетін болып шықты.
Көшпенділер ойынының тарихы 2014 жылдан басталады. Алғаш рет Қырғызстанда аймақ шеңберінде басталған жарыс бүгінде әлемдік деңгейдегі ірі әрі беделді халықаралық спорт және мәдени шаралардың біріне айналып отыр.
Дүниежүзілік көшпенділер ойыны ЮНЕСКО-ның материалдық емес мәдени мұра тізіміне кіреді.
Ең алғаш оған 19 елден 10 спорт түрі бойынша 583 спортшы қатысқан болса, биыл 89 ел, 21 спорт түрінен 2500-ден астам қатысушы келеді.
Дүниежүзілік ойынды өткізу құқығы Қазақстанға берілген соң қатысушы елдердің тізімі де ұзарды.
Бір қызығы, оған көшпелі емес елдерден де командалар қатысады. Ал, осы ойындарды тамашалауға Астанаға 100 мыңға жуық турист келеді деген болжам бар.
21 спорт түрі бойынша барлығы 97 медаль сарапқа салынады. Жеңімпаздарға арналған сыйақы көлемі 253 млн теңгеден асады. Әр спорт түрінен жүлде жеке табысталады.
Командалық спорт түрлері бойынша жеңімпаздарға 10 млн теңге, ал жеке спорт түрлерінен жеңгендерге 500 мың теңге беріледі.

Ұлттық спорт ойындарынан ең көбі ат үстіндегі жарыстар — көкпар, көк бөрі, жамбы ату, теңге ілу, бәйге, аударыспақ.
Осы додаларда жүлде де көп: бәйге жеңімпазына 2 млн теңге, жорға, құнан бәйге, топ бәйгеге 3 млн теңгеден, аламан бәйгеде 5 млн теңгеден беріледі.
Ат спортынан басқа күрес түрлері, зияткерлік ойындар, жекпе-жек, дәстүрлі садақ ату, құс салу және халық ойындарынан да жарыстар өтеді.
Дүниежүзілік көшпенділер ойыны 6 нысанда өтпек: «Астана-Арена» стадионы, «Қазанат» ипподромы, Ж. Үшкемпіров атындағы Жекпе-жек сарайы, «Алау» мұз айдыны сарайы, «Qazaqstan» жеңіл атлетика спорт кешені және «Думан» кешені.
Ойынның ашылуы мен жарыстарға билет сатылымға шықты.