Қазақстандықтардың 70%-дан астамы еліміз дұрыс бағытта дамып жатыр деп санайды
АСТАНА. KAZINFORM — Биылғы сәуір айында Қазақстанның барлық өңіріндегі респонденттер арасында жүргізілген Demoscope тәуелсіз зерттеу жобасының жаңа сауалнамасы қоғамда негізгі билік институттарына қатысты тұрақты оң көзқарас қалыптасқанын көрсетті.
Сенім деңгейі бойынша көш басында Мемлекет басшысы тұр. Сауалнамаға қатысқандардың 61,3%-ы Президентке сенім білдірген. Бұл – биліктің барлық тармағы арасындағы ең жоғары көрсеткіш.
Қазақстан Үкіметіне респонденттердің 47,4%-ы сенім білдірсе, жергілікті әкімдіктерге – 50,2%, Парламентке – 40,5%, құқық қорғау органдарына – 46,8%, соттарға – 43,7% сенім артқан.
Барлық институт бойынша сенім білдірушілер саны сын көзбен қарайтын азаматтардан едәуір көп болған.
Сонымен қатар қазақстандықтардың 72,4%-ы ел дұрыс бағытта дамып келеді деп санайды: олардың 44,6%-ы «дұрыс бағытта» деген жауапты сенімді түрде таңдаса, тағы 27,8%-ы «көбіне дұрыс бағытта» деген пікір білдірген. Бұл сыни көзқараспен қарайтындардың үлесінен шамамен үш жарым есе көп.
Билік жариялаған «Әділетті Қазақстан» бағыты да айтарлықтай қолдауға ие болды: сауалнамаға қатысқандардың 55,6%-ы бұл ұран нақты іс-әрекетпен сәйкес келеді деп есептейді.
Сауалнама елдің барлық өңірінде, соның ішінде Астана, Алматы, Шымкент қалаларында және барлық облыста жүргізілді. Қатысушылардың 65,8%-ы сауалға қазақ тілінде жауап беруді таңдаған.