Қазақстандықтардың қолдауын сездім – Илья Мизерных Олимпиададағы жеңісі туралы
АЛМАТЫ. KAZINFORM – 16 жасар алматылық Илья Мизерных жуырда Оңтүстік Кореяның Канвон қаласында өткен жасөспірімдер Олимпиадасында тұғырдан шаңғымен секіру спортынан Қазақстан тарихындағы тұңғыш алтын медальді жеңіп алды. Спортшының өзі мұндай нәтиже күтпегенін, бірақ алдына үлкен мақсаттар қойғанын айтады. Илья Кazinform тілшісіне спорттағы дара жолы, Олимпиададағы көрсеткіші және жоспары жайлы айтып берді.
– Илья, жеңісің құтты болсын! Алдымен өзіңіз туралы айтып өтсеңіз, спортқа қалай келдіңіз?
— Рақмет! Алматыда туып-өстім, тұғырдан шаңғымен секіруді алты жасымнан бастадым. Көршіміз спортшы болатын, мені осы спорт түріне сол кісі әкелді. Мен ол кезде ештеңе түсінбедім, бірақ маған ұнады. Алғашқы бапкерім Шыңғыс Нәбиев болды, ол маған көп нәрсе үйретті, кейін басқа бапкерлермен жаттыға бастадым. Олар түрлі жарыстарға, әлем чемпионаттарына, ұлттық құрамаға дайындады. Алты ай болды, өткен жылдың маусым айынан бастап ұлттық құрамадамын. Техникамды және физикалық көрсеткіштерімді жақсарттым. Яғни, Олимпиадаға мақсатты түрде дайындалдым.

– Отбасыңызда басқа спортшылар бар ма?
— Отбасында бесеуміз, ағам мен әпкем бар, бірақ олар кәсіпқой спортпен айналыспайды, ал анам бұрын альпинист болған, тауға шығатын.
— Бұған дейін де талай жарыстарға қатыстыңыз, бірақ Олимпиадада жеңіске қол жеткіздіңіз, мұның сыры неде?
— Иә, бұған дейін Еуропа мен АҚШ-та көптеген жарыстарға қатысқанмын, бірақ нәтиже жоғары да, жаман да болған жоқ. Мен үлкен тәжірибе жинадым, әлем чемпиондарымен бірге жаттығып, олардың қалай дайындалғанын көрдім. Яғни, Олимпиадаға баруға дайын болдым. Әсіресе, психологиялық дайындық көп болды. Олимпиадаға келетін болсақ, мұндай нәтижені өзім де күткен жоқпын. Екінші секірудің алдында бапкеріміз Қайрат Оразбайұлы қасыма келіп, бұл қалыпты старт және Олимпиада туралы ойлаудың қажеті жоқ, біз үшін ең бастысы — қателік жібермеу және өз денемізді бақылау екенін айтты.
Мен жаттықтырушының нұсқауын мүлтіксіз орындадым. Бапкерім не істе десе, соны айнытпай қайталадым. Әу бастан-ақ үздік үштікке енемін деп алдыма мақсат қойдым. Сөйтіп, нәтижиесінде бірінші орын алдым. Бұл керемет. Шын ниетіңмен қаласаң үлкен жетістікке жетуге болатынын түсіндім.
— Мемлекет басшысының құттықтауын қалай қабылдадыңыз?
— Президентімізге рахмет! Мемлекет басшысының спортшыларды бақылап, жетістіктерін бағалап отыратыны қуантады. Бұл бізді алға ұмтылуға ынталандырады.

– Сізге не немесе кім көбірек мотивация береді?
– Маған өз халқым, бүкіл достарым, ұжымым мотивация береді. Біз әрқашан бір-бірімізді қолдаймыз. Олимпиадада қазақстандықтардың қолдауын сезіндім. Олар мені жеңісіммен құттықтағанда ғажап күй кештім.
– Алдағы жоспарларыңыз қандай?
– Ақпан айының басында Словенияда өтетін жастар арасындағы әлем чемпионатына дайындалып жатырмыз. Жекелей сында үздік 10-ға, командалық сында үздік үштікке енемін деп үміттенемін. Қазір күніне екі рет жаттығып жатырмыз.

– Илья, сіз көп елдерде болдыңыз, онда қандай трамплиндер бар екенін көрдіңіз. Елімізде шаңғышыларға жасалып жатқан жағдайды қалай бағалайсыз?
– Бізде жақсы жағдай жасалған. Спортшылар қыста да, жазда да дайындала алады. Секіретін тұғырларымыз бар. Алайда, олар ескірген. Сондықтан қайта жаңартуды қажет етеді. Оларды жөндесе бізде әлем кубогы, әлем чемпионатының кезеңдерін және басқа да жарыстарды өткізуге мүмкіндік туады. Спортшылар мен туристер еліміз туралы көбірек білетін болады. Әлемде трамплиндер әртүрлі, сыртынан олар бірдей сияқты көрінеді, бірақ секіру кезінде айырмашылықты көресің.

— Бұл — қауіпті спорт түрі, жаңадан келгендерге қандай кеңес берер едіңіз?
– Шаңғымен секіру — өте әдемі спорт түрі. Жарақаттан қорқудың қажеті жоқ. Қорқынышты жеңе білу керек. Барлық сынақтар мен қателіктерден өткен абзал. Сонда ғана жетістікке жетесің. Бұл жерде жақындарың мен ата-ананың қолдауы да маңызды. Мысалы мен өз өмірімді трамплинсіз елестете алмаймын.
— Нені армандайсыз?
— Олимпиада ойындарында жеңіске жетуді, Алматыдан үлкен үй алуды армандаймын.
— Әңгімеңізге рахмет!


