Қазақстандықтардың өмір сүру ұзақтығы артты – вице-министр медицинадағы басты өзгерістер туралы

Мемлекеттегі денсаулық сақтау деңгейі халықтың өмір сүру сапасына тікелей әсер етеді. ҚР Денсаулық сақтау бірінші вице-министрі Тимур Сұлтанғазиев Kazinform тілшісіне 2023 жылғы денсаулық сақтау саласындағы басты өзгерістер туралы айтып берді.

ДСМ вице-министрі
Фото: ҚР ДСМ баспасөз қызметі

Өлім деңгейінің төмендеуі

Денсаулық сақтау бірінші вице-министрі Тимур Сұлтанғазиев Қазақстанның денсаулық сақтау саласының 2023 жылы қол жеткізген маңызды жетістіктерінің бірі ретінде өлім-жітім деңгейінің төмендегенін атап өтті.

Осы жылғы 10 айда 2022 жылдың ұқсас кезеңімен салыстырғанда халықтың жалпы өлімінің көрсеткіші 5,7%, қан жүйесі ауруларынан өлім 6,9%, қатерлі ісіктерден 0,6%, жазатайым оқиғалар мен уланудан 4,2%, тыныс алу ағзаларының ауруларынан 4,7%, 11 айда туберкулезден 22,1% төмендегені байқалады, – деп бөлісті вице-министр.

Сондай-ақ, Тимур Сұлтанғазиев биылғы 10 айда нәресте өлімі 9,6%, 11 айда ана өлімінің көрсеткіші 24,4% төмендегенін жеткізді.

Қазақстандықтардың медицинаға деген сенімі артты

Осы жылдағы айтулы өзгеріс ретінде халықтың медицинаға деген сенімінің артуын айтуға болады. Бұған Халықтың медициналық-санитарлық алғашқы көмек (МСАК) қызметіне қаралушылардың көбейгені дәлел.

Осы жылғы 11 айда қаралу - 90,1 млн жетті, 2022 жылы – 87,6 млн болған еді, өсім 10% немесе бір тұрғынға шаққанда 4,8 қаралу болып тіркелді, – деп келтірді деректерді вице-министр.

ДСМ мәліметінше, биыл бастапқы буын үшін 78 нысан салынып, 80 нысан жөнделген. Медициналық-санитариялық алғашқы көмек ұйымдарында 110 мыңнан астам адам, оның ішінде 34 195 дәрігер және 75 852 орта буын қызметкері жұмыс істейді.

Ауыл тұрғындарына кеңейтілген скринингті енгізу

Вице-министр биыл ауылдың 1,1 млн тұрғыны профилактикалық тексеруден өтіп, 62 мың науқас анықталғанын мәлімдеді.

Ауыл тұрғындары үшін кеңейтілген скрининг енгізілді, онда бүйрек, асқазан-ішек жолдары, тыныс алу ағзалары, қуықасты обыры ауруларын ерте анықтауға медициналық қызметтер енгізілді, – деді Тимур Сұлтанғазиев.

Дәрі-дәрмекпен қамтамасыз ету үшін екі есе көп қаражат бөлінді

Дәрі-дәрмекпен қамтамасыз ету мәселесіне келетін болсақ, бұл салада да айтарлықтай жақсы өзгерістер бар.

2019 жылдан бастап амбулаториялық дәрі-дәрмекпен қамтамасыз етуге бөлінген қаражаттың көлемі 2 еседен астам ұлғайып, 237 млрд теңгеге жетті. Бұл ТМККК және МӘМС бойынша нозологиялардың санын 48-ден 126-ға дейін және ТМККК және МӘМС дәрілік атауларының санын 272-ден 347-ге дейін 2,5 есеге арттыруға мүмкіндік берді, – деді Тимур Сұлтанғазиев.

Дәрігерлер мен медицина қызметкерлерінің жалақысын көтеру

Мемлекет басшысының тапсырмасын орындау үшін 2020 жылдан бастап 2023 жылға дейін медицина қызметкерлерінің: дәрігердің жалақысы кезең-кезеңімен (жыл сайын) 30%-ға, орта медицина қызметкерінің жалақысы 20%-ға арттырылды.

Біздің салада 78 мыңнан астам дәрігер және 180 мыңға жуық орта медицина қызметкері жұмыс істейді. Биылғы 11 айда стационарларда 3 млн-ға жуық адамға көмек көрсетілді, МСАК желісі 90 млн-нан астам адамды қабылдады, 360 мыңнан астам нәресте дүниеге келді, ал жедел медициналық жәрдемнің күшімен 8 млн-нан астам шақырту бойынша көмек көрсетілді, – деп түйіндеді денсаулық сақтау вице-министрі.