Қазақстандықтарға Wildberries пен «Каспиден» 46 млн теңге қайтарып алған
АСТАНА. KAZINFORM – Тұтынушылардың құқығын қорғау комитеті Бақылау және үйлестіру басқармасының бас сарапшысы Мейіржан Аманжолов тұтынушылардан түсетін арыз-шағымның 15 пайызы электронды саудамен байланысты екенін айтады.
«Өткен жылдың қорытындысы бойынша министрлікке электрондық саудадағы тұтынушылардың құқықтарын бұзу бөлігінде 7 732 шағым келіп түсті. Бұл 2022 жылмен алыстырғанда 290% көп – бір жыл бұрын 2 663 шағым түскен еді. Басқаша айтсақ, комитетке түскен 50 573 өтініштің 15,2%-ы осы электронды саудаға байланысты», - дейді
Оның сөзіне қарағанда, Instagram, WhatsApp, Facebook, Telegram сияқты әлеуметтік желі құралдары арқылы тапсырыс беріп алданған тұтынушылардан 4254 шағым түскен. Бұл бүкіл шағымның 55%-ы деген сөз.
«Мечта, Sulpak, TechnoDom сияқты сауда желілерінің интернет сайттары арқылы сауда жасаған қазақстандықдтардан 2631 шағым келген. Бұл бүкіл шағымның 34%-ы және аумақтық департаменттер оның бәрін шағымданушының пайдасына шешті. Ал маркетплейстер арқылы сауда жасаушылардан 847 арыз-шағым түскен. Бұл бүкіл шағымның 11%-ы, тиісті құзыретті орган бұл шағымдарды да қанағаттандырды», - дейді Мейіржан Аманжолов.
Сарапшы аталған шағымдар әсіресе тауарды сатушы тарап пен тауар жайлы ақпараттың жоқтығына, тауардың жарнамадағы сипатына сай болмағанына, интернет-сайттардың тауарды қайтарудан және айырбастаудан бас тартуына жиі шағымданатынын айтады.
«Маркетплейс өкілдерінің үстінен түскен 847 өтінім түгел қарастырылып, 46 млн теңгеден астам қаражат қайтарылды. Оның ішінде, Wildberries – 32 млн теңгені, «Каспи» – 14 млн теңгені тұтынушыларға қайтарды. Қолданыстағы заңда онлайн сатушылардың жауапкершілігін көздейтін нормалар жоқ. Осыған байланысты, Парламент Мәжілісіне енгізілген жаңа заң жобасында электрондық сауда алаңдарының иелерін кәсіпкерлермен тұтынушылардың құқықтарын қорғау туралы заңнаманың талаптарын сақтау жөнінде шарттар жасасуға міндеттеу қарастырылған. Бұл шартты орындамау, әкімшілік және азаматтық-құқықтық жауапкершілік қана емес, сонымен қатар электрондық платформада сауда жасау мүмкіншілігінен айырылады», - дейді комитет өкілі.