Қазақстанды газдандыру деңгейі 2030 жылға қарай 56 пайызды құрайтын болады - Б.Жақсалиев
«Әлемдік қаржы дағдарысына қарамастан, Қазақстанның экономикасы даму үстінде. Ал оның барлық секторларының даму негіздерінің бірі - еліміздің энергетикалық жүйесі. Өткен жылы Қазақстанда мұнай экспортының көлемі 62,4 млн. тонна болса, газ өндіру 43,2 млрд. текше метрді құрады. Еліміз аумағы арқылы өтетін халықаралық газ транзиті 91,4 млрд. текше метрді құрады. Өткен жылы Қазақстанда газдандыруды дамытудың бас кестесі әзірленген болатын. Соған сәйкес, 2030 жылға қарай, оның деңгейі 56 пайызға жетеді немесе 1,6 мың елді мекен газмен қамтамасыз етіледі. Ал тұтыну деңгейі 18 млрд. текше метрді құрайтын болады», - деді Б.Жақсалиев.
Сонымен қатар энергетика вице-министрі тіпті көмірсутектердің, металл және басқа да биржалық тауарлардың әлемдік бағасы төмендеп кететін болса да, «Нұрлы жол» мемлекеттік бағдарламасы аясында электр желілерін салу құрылыстарының, энергия өндіретін ұйымдар мен ұлттық электр желілерін жаңарту жұмыстарының жалғаса беретіндігін жеткізді. «Жаңғыртылмалы қуат көздерін дамыту бойынша міндеттерді жүзеге асыру және олардың үлес салмағын 2020 жылға қарай 3 пайызға жеткізу мақсатында биыл 23 нысанды, солардың ішінде 8 күн электр стансасын іске қосу жоспарланған. Олардың барлығының жалпы қуаты 432 мегаватты құрайды», - деді Б.Жақсалиев.
Бұдан басқа, болашағы бар жобалардың ішінен ол көмір қыртыстарынан метан газын өндіру жобасын атап өтті. Бұл өндіріс еліміздің бірқатар өңірлерінің әлеуметтік-экономикалық жағдайын жақсартуға, Астана қаласын газдандыру мәселесін шешуге, көмір өндіру барысында жұмыс қауіпсіздігін арттыруға және экологиялық ахуалды жақсартуға мүмкіндік береді.