Қазақстанды өзгерістердің жаңа толқыны күтіп тұр - саясаттанушы

БАКУ. ҚазАқпарат - Президент Нұрсұлтан Назарбаев ілгері реформалардың философиясына сүйене отырып, мемлекеттік билік тармақтарының құзыреттілігін үлестіру бойынша конституциялық түзетулер енгізуді ұсынған болатын. 

Қазақстанды өзгерістердің жаңа толқыны күтіп тұр - саясаттанушы

Соған орай, Қазақстан үшін бұл қандай өзгерістер мен жаңашылдықтар әкелетіндігі турасында ҚазАқпарат агенттігінің Бакудегі меншікті тілшісіне берген сұхбатында саясаттанушы, журналист, Бакудің Халықаралық мультимәдениеттілік орталығының сарапшысы Тофик Аббасов айтып берді.

«Қазақстан Президенті ұсынған бастамалар бір ақиқаттың бетін ашып отыр, билік қоғамды демократияландыру және мемлекеттік басқару жүйесін оңтайландыруға келген кезде, жағдайдың асқынуы мен шиеленісуін күтпей, ол процестердің алдын алуы қажет», - дейді Тофик Аббасов.

Сарапшының сөзінше, мемлекет басшысы Президенттің едәуір құзыретін Үкіметке ауыстырып, Парламентті бұдан да жоғары жауапкершілікке бөлу арқылы, биліктің атқарушы органдары мен халық арасындағы қашықтықты жақындатуда.

«Президент өзінің бастамасы арқылы, ширек ғасырға созылған елдің тәуелсіздігінде жауапты кезең өткенін, енді халық билігінің шын әлеуетін дамытуға негізделген мемлекет өмірінде жаңа дәуір басталатынын меңзеп отыр», - деді сарапшы.

Айта кетейік, кеше ҚР Президенті Нұрсұлтан Назарбаев отандық телеарналар арқылы билік тармақтары арасында өкілеттіктерді бөлу мәселелері жөніндегі үндеуін жария етті. Онда Президенттің  әлеуметтік-экономикалық процестерді реттеудегі біршама өкілеттерін Үкіметке және басқа да атқарушы органдарға беру, Үкіметті жасақтауда Парламенттің рөлін күшейту қарастырылған.

ҚР Президенті бүкілхалықтық талқылауға шығарған Қазақстан Республикасының Конституциясына өзгеріс енгізуге қатысты ұсыныстар 26 ақпанға дейін мына мекенжай бойынша қабылданады: 010000, Астана қаласы, Есіл ауданы, Үкімет үйі, Қазақстан Республикасы Президенті Әкімшілігінің Мемлекеттік құқық бөлімі, электрондық пошта- ap2017@akorda.kz