Қазақстанды жақсы білмесе де, өнерімізге риза болды – Австралияда өнер көрсеткен балерина

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Балет әртісі Шұғыла Әдепхан әріптесі Бақтияр Адамжанмен бірге Австралияда 10 күні бойы өнер көрсетіп, елге жуырда ғана оралды. «Астана Опера» балет театрының солисі Шұғыла ҚазАқпарат тілшісімен сапар әсерімен бөлісті.

Қазақстанды жақсы білмесе де, өнерімізге риза болды – Австралияда өнер көрсеткен балерина

«Бұл сапардан алған әсерім шексіз. Мен бұған дейін Украина, Германия, Италияда өнер көрсеттім. Бірақ, Австралияның жөні бөлек. Өйткені, ол жақта балет өнеріне деген сұраныс басқаша. Тағы бір ұнаған тұсы, біз өнер көрсетіп қана қоймай, шеберлік сабақ алдық. Австралияның бетке ұстар балет мамандары өз тәжірибесімен бөлісті. Мен жас әртіс болғандықтан, маған үлкен сабақ болды», - деді Шұғыла Әдепхан.

Сондай-ақ, әртіс жергілікті халықтың Қазақстан туралы сұрап, қызығушылық танытқанын айтты.

«Таныстық барысында Қазақстаннан екенімді айтқанымда көбісі таңғалып, еліміз туралы сұрап жатты. Және Қазақстанды жақын танымаса да, өнерімізге дән риза болды. Жалпы қазақстандық балет әлемдік балеттен ерекшеленеді. Біз «Спартак» балетінен үзінді қойдық. Бұл өте эмоционалды қойылым. Сондықтан да ерекше әсер қалдырдық деп ойлаймын», - дейді ол.

Бұған дейін хабарлағанымыздай, «Астана Опера» балет театрының әртістері Австралияда өнер көрсетіп қайтты.

«Ballet International Gala» атты әлемдік деңгейдегі гала концертінде өнер көрсетуге Орталық Азия елдерінен Қазақстан ғана шақырту алған.

Біздің әртістер 26 қаңтар мен 5 ақпан аралығында Австралияның 2 қаласында болып, өнерлерімен тәнті еткен.